Шайдана ауылының халқы көптен күткен арманына қол жеткізіп, жаңа оқу жылында 150 орынды еңселі мектеп пайдалануға берілді. Бұл – білім саласындағы ғана емес, ауылдың әлеуметтік дамуы жолындағы да ірі жетістіктердің бірі.
Жаңа мектептің іргетасы 2024 жылы сәуір айында қаланып, небәрі тоғыз айдың ішінде толықтай аяқталды. Жоспар бойынша нысан алдағы жылдың қаңтар айында тапсырылуы тиіс болса да, құрылысшылар уақытты тиімді пайдаланып, жұмысты сапалы әрі мерзімінен бұрын орындап шықты.
Шайдана ауылы тұрғындарының қуанышты сәтін еліміздің білім саласындағы жетістіктердің бір парасы ретінде бағалауға болады. Жобаның жалпы құны – 1,6 миллиард теңге. Құрылысты «Қаз Мұнай Құрылыс» ЖШС жүргізді. Жобаға авторлық қадағалауды «СуҚұрылысПроект» ЖШС, техникалық қадағалауды «D & J EMPORIO» ЖШС атқарды. Үш қабатты, екі блоктан тұратын ғимаратта 15 оқу кабинеті, заманауи үлгіде жабдықталған спорт залы, медициналық бөлме, сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған арнайы технология кабинеттері бар. Жылыту жүйесі автономды газ қазандығымен жабдықталған, екі қазандық орнатылып, қысқы мезгілде балалардың ешқандай қиындықсыз білім алуына жағдай жасалған.
Мектептің ашылу рәсімі мерекелік көңіл күйде өтті. Салтанатқа аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев, аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, ардагер ұстаздар, ауыл ақсақалдары, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Жиналған халықтың қуанышын сөзбен жеткізу қиын еді. Әсіресе, көп жыл бойы көрші ауылға қатынап білім алып келген ауыл балаларының жүзіндегі шаттық пен ата-аналардың көзіндегі ризашылық ерекше әсер қалдырды.
– Бұл мектеп – Шайдана ауылы үшін ерекше маңызы бар әлеуметтік нысан. Елдің ертеңі – білімді ұрпақ. Сондықтан мемлекет тарапынан білім саласына әрқашан көңіл бөлініп келеді. Жаңа ғимарат балалардың сапалы білім алуына, ғылым мен өнерді игеруіне, денсаулығын нығайтып, жан-жақты дамуына зор мүмкіндік береді. Бұл мектеп – болашаққа сенімді қадам. Мемлекетіміз осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтып, жастарға тең мүмкіндік жасап отыр. Әрбір ата-ана балаларын жақсы мектепке беруді қалайды. Міне, бүгін сол арман орындалып отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова құттықтау сөзінде.
Ал, аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев:
– Мектеп – ауылдың жүрегі. Білім ошағының ашылуы – ауылдың болашағына салынған үлкен инвестиция. Жаңа ғимарат балаларымыздың ой-өрісін кеңейтіп, ғылымға құштарлығын арттыратын орда болмақ. Мемлекет басшысы да әрдайым білім беру ісін басты назарда ұстап келеді. Соның нәтижесінде шалғай ауылдарда осындай еңселі мектептер бой көтеріп жатыр. Шайдана ауылы үшін бұл – тарихи сәт. Бүгінгі қуанышқа барлығымыз ортақпыз. Балаларымыздың жолы ашық болсын! – деді.
Ауыл тұрғындары да бұл күнді асыға күткенін жасырған жоқ.
– Балаларымыз көрші ауылға қатынап оқығанда, қыс мезгілінде келеңсіз жағдайлар орын алатын еді. Сондықтан алаңдап отыратынбыз. Ал, енді үйдің жанындағы жаңа мектепке барып білім алады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мектебіміз жарық, кең, барлық жағдайы жасалған. Енді оқушылардың білімге деген ынтасы да арта түсеріне сенімдіміз. Мемлекетке және ауылымыздың дамуына үлес қосқан жандарға аталық алғысымды айтамын, – деді ауыл ақсақалы Амангелді Қоңырбаев балаларға ақ батасын берді.
Ардагер ұстаз Нұрбибі Молдашова да өз толқынысын жасыра алмады.
– Мен осы ауылда 40 жылға жуық ұстаздық еттім. Кеңес дәуірінде мұндай мектеп саламыз деген ойдың өзі арман болатын. Бүгінгі күнді көру – біз үшін үлкен бақыт. Бұл ғимарат ауыл жастарына білім ғана емес, рухани тәрбие беретін алтын ұяға айналары сөзсіз, – деді ол.
Жобалық сыйымдылығы 150 орын болғанымен, мектепте қазірдің өзінде 170 оқушы білім алуда. Сондай-ақ көрші Сеңгірбай ауылынан 20 бала арнайы көлікпен жеткізіледі. Бұл ауылдық аймақтардағы балалардың да тең мүмкіндік алуына жол ашады.
Жаңа мектеп мұғалімдер үшін де үлкен демеу. Заманауи жабдықталған кабинеттер мен технологиялық сыныптар ұстаздарға оқу сапасын арттыруға жағдай жасайды. Спорт залы оқушылардың денсаулығын нығайтуға, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Шайдана ауылында жаңа мектептің ашылуы – мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі. Енді ауыл балалары да қаладағы замандастарына тең жағдайға ие болып, сапалы білім ала алады.