Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения Президенті Наташа Пирц-Мусардың кездесуі екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, көлік-логистикалық жобаларды жетілдіру, энергетика және цифрлық технологиялар саласындағы әріптестікті тереңдету мәселелері қаралды.
Тараптар сауда саласындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін Іскерлік кеңестің қызметіне ерекше мән берді. Бұл құрылым тау-кен, мұнай-газ, өнеркәсіп және өзге де секторларда ортақ жобаларды іске асыруға, инновациялық шешімдерді енгізуге және бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнатуға ықпал етеді. Қазақстан инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдап, шетелдік серіктестер үшін қолайлы бизнес ахуал қалыптастырып келеді.
Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Президенттер «Орта дәліз» шеңберіндегі бірлескен логистикалық және инфрақұрылымдық жобалардың болашағын талқылап, өңірлік және халықаралық жүк тасымалы жүйелерінің тиімділігін арттыруға ниетті екенін жеткізді.
Энергетика саласында екі ел жаңартылатын энергия көздерін дамыту, инфрақұрылымға бірлескен инвестициялар тарту және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді басқару және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы әріптестік те келіссөздер күн тәртібінде болды. Президенттер жаңа буын цифрлық қызметтерін дамыту және жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша бірлескен технологиялық жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға мүдделі екенін растады. Бұл мәселелер екі елдің Үкіметаралық комиссиясының ерекше бақылауында болады.