Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ұлттық Банктің бірлесуімен жаңа оқыту жобасы басталды. Төрт аптаға жоспарланған курс аясында ақша-несие саясатының қыр-сыры, экономикалық талдаудың заманауи тәсілдері мен макроэкономикалық реформалар терең зерделенетін болады.
Оқыту курсының алғашқы дәрісін Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ұлттық Банктің Төрағасы Тимур Сүлейменов өткізді. Жоғары деңгейдегі ашық дәрісте ұлттық және жаһандық экономиканың өзекті мәселелері, макроэкономикалық саясатты жаңғырту міндеттері мен шешім қабылдау үдерісіндегі аналитикалық тәсілдердің рөлі кеңінен сөз болды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазіргі экономикалық сын-қатерлерге төтеп беруде кәсіби сараптаманың маңызына ерекше тоқталды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті жоюдың маңыздылығын бірнеше мәрте атап өтті. Бұл бағыттағы іс-шаралар сапалы деректер мен жан-жақты сараптамаға сүйенуі тиіс. Жаңадан қолға алынған оқыту курсы – осы мақсатқа жетудегі маңызды құрал, – деді Палата Спикері.
Курсқа жалпы саны 40 тыңдаушы қатысуда. Олардың қатарында Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері, Талдау мектебінің түлектері және экономика, қаржы тақырыптарына маманданған журналистер бар. Бағдарлама аясында олар сұраныс пен ұсыныс теориясы, нарықтық тепе-теңдік, инфляция, жұмыспен қамту, инвестициялар және экономикалық өсу секілді тақырыптарды жан-жақты меңгереді.
Курс барысында Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштеріне ретроспективті талдау жасалып, жабық экономика үлгілері мен халықаралық озық тәжірибелер зерделенеді. Тыңдаушылар сонымен қатар, базалық мөлшерлеменің қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлар мен аналитикалық модельдермен танысады.
Аталған оқыту жобасы – Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Сарапшылар клубының бірлескен бастамасы. Бұл – Палатаның сарапшылық әлеуетті арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының жалғасы. Бұған дейін де Сенат түрлі министрліктермен бірлесіп, деректерге негізделген шешім қабылдау мәдениетін ілгерілету мақсатында семинарлар мен подкасттар өткізген болатын. Мәселен, өткен жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, жасанды интеллект пен «үлкен» деректерді пайдалануға арналған семинар ұйымдастырылған еді. Сонымен қатар, «Taldau Talks» подкастында монетарлық және фискалдық саясаттың өзекті мәселелері терең талқыланғанын да атап өткен жөн.
Ақша-несие саясаты – елдің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан мұндай оқыту жобалары сала мамандары мен шешім қабылдаушы тұлғалардың кәсіби дайындығын арттырып, мемлекет саясатының сапасын көтеруге зор ықпал етпек.