Абай облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған ірі әлеуметтік-мәдени орталық жұмысын бастады. Семей қаласында көру қабілеті шектеулі жандарға арналған жаңа инклюзивті кітапхана есігін айқара ашты. Бұл әлеуметтік маңызы зор нысан – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыс тұрғындарына жасаған тартуы.
Жоба «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Құрылыс пен жабдықтауға жалпы 410 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда бұл кітапхана – өңірдегі ең заманауи әрі кең ауқымды инклюзивті кеңістік болып отыр.
Кітапхана екі қабаттан тұрады, жалпы аумағы – 852 шаршы метр. Жылына 15 мыңнан астам адамды қабылдай алатын орталықта келушілер үшін коворкинг-аймақ, іс-шаралар залы, демалыс бұрышы және түрлі арнайы бөлмелер қарастырылған. Атап айтқанда, тифлология кабинеті арқылы зағип жандар смартфон мен компьютерді арнайы қосымшалар арқылы қолдануды үйренеді. «Брайль» кабинеті «Брайль» жүйесімен оқу-жазуға және тактильді таяқпен еркін қозғалу машықтарын дамытуға арналған. Сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі аудиокітаптар қоры да бар.
Мұндағы басты ерекшелік – ғимарат толықтай инклюзивті талаптарға сай жасақталған. Кітапхананың барлық залдарына еркін кіріп-шығу үшін тактильді жолақтар мен арнайы тұтқалар орнатылған. Сонымен қатар, кітапхана қорын электронды каталогқа көшіру жұмыстары да жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мұнда 40 мыңға жуық бірегей кітап сақталған.
– Соңғы бес жылда «Samruk-Kazyna Trust» Абай облысында жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 14 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Қазір Семей қаласының «Үшақтар» шағынауданында құны 900 миллион теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қолға алынуда. Бұл нысанда 3900-ге жуық тұрғын спортпен айналыса алады, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Айта кетейік, бұған дейін де Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қайта жөнделіп, көру қабілеті төмен азаматтарға арнайы бөлім жабдықталған болатын. Бұл игі бастамалар өңір тұрғындарына қолайлы әрі тең мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға бағытталған. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Семей қаласында мыңға жуық көру қабілеті шектеулі адам тұрады. Ал, республика бойынша олардың саны 90 мыңнан асады.
2025 жылдың алғашқы жартысында «Samruk-Kazyna Trust» жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге 21 жобаны жүзеге асырды. Қордың қолдауымен елімізде 46 оңалту орталығы мен 15 инклюзияны қолдау кабинеті табысты жұмыс істеуде. Жалпы 200 мың адам қайырымдылық көмегін алса, 168 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған. 2024 жылы ғана қор 36,6 миллиард теңгеге 41 жобаны іске асырып, 700 мыңнан астам отандасымызға әлеуметтік қолдау көрсеткен.