Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі әрі экологиялық маңызы зор кәсіпорын – «Эйкос» шиналарды қайта өңдеу зауытына барды. Аймақ басшысы өндірістік цехтарды аралап, зауыттың техникалық әлеуетімен және өндірістік үдерістерімен танысты.
Бүгінде қолданылған автомобиль шиналарын жою – әлемдік деңгейде шешілуі тиіс экологиялық мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Эйкос» зауыты табиғатқа зиянды қалдықтарды қайта өңдеп, олардан пайдалы өнім шығару арқылы елімізде алғашқылардың бірі болып ауқымды жұмыс атқаруда. Кәсіпорын жылына 12150 тоннаға дейін тозған шинаны қайта өңдей алады. Оның ішінде 2 мың тоннасы – термиялық, ал 9 мың тоннасы механикалық әдіспен өңделеді. Термиялық өңдеу нәтижесінде алынған 600 тонна отын мен брикеттелген түйіршіктер зауыттың өз қажеттілігіне пайдаланылса, механикалық өңдеуден өткен материалдар – резеңке үгіндісі, металл сым мен тоқыма қалдықтары – қайта өнімге айналып, спорттық және балалар алаңдарына арналған қауіпсіз жабындар, суару шлангілері, битум, резина төсеніштер сынды заттар ретінде нарыққа жол тартады. Қазіргі уақытта кәсіпорын суару шлангілері өндірісін арттыру мақсатында жаңа құрал-жабдық алуды көздеп отыр.
«Эйкос» – өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге зор үлес қосып отырған ауқымды өндіріс орны. Зауытта бүгінде 1495 адам еңбек етуде. Сонымен қатар, кәсіпорын жылына 1,5 мың дана дайын өнім сатады. Қазіргі жобалық қуаты – тәулігіне 50 тонна. Алдағы уақытта бұл көлемді 15 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделуде.
Облыс әкімі зауыттың өңірге тигізіп отырған оң әсерін атап өтіп, әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.
– «Эйкос» зауыты – өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар өндіріс орны. Ол бір мезетте табиғатты қорғауға да, экономика мен әлеуметтік жағдайды жақсартуға да қызмет етіп отыр. Енді кәсіпорын өз өнімдерімен Семейдегі балалар мен спорт алаңдарын жабдықтауға ниетті. Бұл ретте біз қолдау көрсетіп, нақты тапсырыстарды бастаймыз, – деді аймақ басшысы.
Қалдықты қайта өңдеу мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – кез келген өңірдің тұрақты дамуының кепілі. Осы ретте «Эйкос» зауытының жұмысы – Семей қаласында экологиялық тазалықты сақтаудың, жаңа технологияларды енгізудің, әрі экономиканы дамыту жолындағы жарқын үлгісі болып отыр. Ал, мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерліктің серпінді бастамалары қатар жүрсе, бұл бағыттағы табыстар одан әрі арта түспек.