Сарымсақ өндірісіндегі бірлескен жобалар талқыланды

0 1

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация мүшелері Қытай еліне жұмыс сапарында Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында болды. Онда сарымсақ өсіру бойынша әлемдегі көшбасшы компания саналатын «Wanglin Group» компаниясының басшысымен кездесті.

Стратегиялық әріптестік туралы келіссөз жүргізілген кездесуде сарымсақ өсіру және оны өңдеу бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі көтерілді. Халықаралық компания өз тәжірибелерімен бөлісіп, біздің өңірдің агроклиматтық жағдайын жоғары бағалады. Инвесторлар тарапынан өңірге нақты қаржы салу, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу және экспорттық логистиканы дамыту мәселесі талқыланды. Нәтижесінде тараптар облыста агроиндустриялық кластер құру, сарымсақ алқаптарының көлемін арттыру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және дайын өнімді шетелге экспорттау бағытында бірлесіп, жұмыс істеуге уағдаласты.

Сапар аясында делегация мүшелері компанияның өңдеу цехтары мен логистикалық инфрақұрылымымен танысты, өндіріс алаңында болды. Дүние жүзіндегі сарымсақ бағасын реттеу орталығының жұмысымен танысты. Бұл компанияның сарымсақ өнімдерін қайта өңдеу, мұздату, кептіру, сақтау және әлемдік нарыққа шығару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Компанияның егістік алқабының көлемі – 500 мың гектар, жылына 8 млн. тонна өнім сатады. Экспорт көлемі – 4 миллиард АҚШ доллары.  «Wanglin Group»  сарымсақтан алуан түрлі дәрі-дәрмек, дәрумендер шығарады.

– Бүгінгі келіссөздер – Түркістан облысы үшін маңызды бетбұрыс. Біз ауылшаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл жұмыс орындарын көбейтуге, ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға сеп болады. Біз осыған бар күшімізді саламыз, – деді облыс әкімі.

Сапар аясында Түркістан облысының делегациясы қытайлық аграрлық технопарктердің жұмысымен танысып, өңделген ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика мен экспортқа шығару механизмдері бойынша тәжірибе алмасты.

Түркістан облысы – ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі. Жыл сайын ондаған мың гектар жерге сарымсақ, пияз, көкөніс және бақша дақылдары егіледі. Облыста аграрлық секторды әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту, суармалы егіншілікті дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестиция тартуға барынша жағдай жасалып отыр. Биыл өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30 пайызға арттыру жоспарланған.