Сарыағаш өңірін дамыту мәселелері қаралды

0 2

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен мәжіліс өткізді. Жиында аймақты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Облыстық басқармалар, аудан әкімдігі мен ауылдық округтердің басшылары, мәслихат депутаттары қатысқан мәжілісте облыс әкімі Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, ауылшаруашылығы саласын қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне үңіліп, осы салаларға жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Мәжілісте тұрғын үй-коммуналдық сала, тазалық сақтау, көгалдандыру, білім беру, денсаулық сақтау, жол жөндеу, ауызсу және газбен қамту салаларының өзекті мәселелері де қозғалды. Облыс әкімі аталған бағыттар бойынша нақты жобалардың жүзеге асуын үнемі бақылауда ұстайтынын атап өтті. Жоспарды орындамаған ауылдық округ әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына сын-ескертпелер айтты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев аймақты дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Басқарма басшылары индикаторлардың орындалуы бойынша ауданның көрсеткіштеріне тоқталды.

Облыс әкімі сапар барысында аймақтың тыныс-тіршілігін бақылап, өндіріс орындарын аралады. Ең алдымен профиль пластик өндіретін «Ерғали» жеке кәсіпкерлік нысанының жұмысымен танысты.  2017 жылы ашылған цехта есік пен терезеге арналған және өзге де салаларға қажетті пластик пен профиль өнімдері шығарылады. Кәсіпорынның тауарлары ел ішінен бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталады. Мұндағы жабдықтар мен қондырғылар Италия мен Ресейден әкелінген.

 Кәсіпорын жетекшісі цехтың жұмысын баяндап, өндірілетін тауар түрлерімен таныстырды. Нұралхан Көшеров өндіріс орнын аралап, өңірде кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту бағытында жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Кәсіпкер кәсібін кеңейтетін болса, тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

Облыс әкімі ауданға қарасты Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Бесқара» ЖШС-нің мал сою бекетінің жұмысын көрді.  Бұл нысанда тәулігіне 128 ірі қара, 600 уақ мал союға болады, 30 тұрғын жұмыспен қамтылған. Заманауи кешен биыл пайдалануға берілді. Ірі қара мал Орталық және Солтүстік Қазақтан облыстарынан тасымалданып, арнайы орында сойылады. Ал, сойылған малдың еті еліміздің барлық өңірлеріне және «Нәрлен» ет өңдеу цехына жөнелтіледі. Сонымен бірге, ет өнімдері көрші Өзбекстанға экспортталады.

Мұнан соң, өңір басшысы «Сарыағаш ТСЖ» су тазалау-дайындау кешенінде болды.  Нысан басында Сарыағаш ауданын сумен толық қамту мәселесі қаралды. Нұралхан Оралбайұлы ауызсу мәселесі өзекті мәселе екенін айтып, мамандарға осы бағыттағы жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.

Облыс әкімі «Телемұнара» ықшамауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан 900 орынды білім ұясына барып, құрылыс жұмыстарын бақылады. Нысанды толық аралап шығып, жауапты басшылар мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын уақтылы орындауды тапсырды. Кейбір жұмыстар бойынша сын-ескертпе айтып, сапаға назар аудару керектігін ескертті. Кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруді міндеттеді.

Сарыағаш ауданында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы техникалар пайдалануға берілді. Жаңа техника кілтін облыс әкімі Нұралхан Көшеров табыстады. Облыстық бюджеттен 257,1 миллион теңге бөлініп, көше жуу мен тазалағыш құралы орнатылған «КаМАЗ» автокөлігі, 11 шағын көлемді, үнемді, әмбебап «lovol-604» тракторы және 11 тіркеме тапсырылды. Бұл техникалар шағын көлемді алаңдарда, жылыжайларда, мал фермаларындағы жұмыстарға және  коммуналдық салаға өте қолайлы.