Салық реформасы мәселесі қаралды

0 6

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Салық реформасы мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге талқылауды тапсырған болатын.

Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, әкімшілендіруді жеңілдету үшін нақты мөлшерлеме құрылымы (16 пайыз, 10 пайыз, 0 пайыз және босату) енгізіледі. ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін арттыру ұсынылып отыр, бұл бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтып, қосымша қаражатты басым жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС төлеуден босату енгізіледі, бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Денсаулық сақтау саласына да 10 пайыз төмендетілген мөлшерлеме ұсынылып отыр, бірақ оны басқа салаларға да кеңейту мүмкіндігі талқылануда.

Сонымен қатар, ҚҚС бойынша есепке қою шегі 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетіледі, бұл бизнесті жасанды бөлшектеумен күресуге және барлық компанияға тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бөлшек салық режимі қайта қаралуда, жұмысшылар саны бойынша шектеулер алынып тасталады, ал іске асыру «B2C» сегментімен шектеледі. Салық түсімдерінің күтілетін өсу көлемі – жыл сайын 4-5 триллион теңге. Бұл Ұлттық қорға тәуелділікті және мемлекеттік қарызды азайтуға, инфрақұрылым мен өнеркәсіпке қаражат бөлуге көмектеседі. Ықтимал инфляциялық әсер қысқамерзімді болады және 2,5–3 пайыз деңгейінде бағаланады.

Ұсынылған тәсілдер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде талқыланды.

«Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге  барып, халықтың барлық санатымен егжей-тегжейлі талқылау жүргізу керек. Мен де Астанадағы  және өңірлердегі бизнес өкілдерімен талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша 20 ақпанға дейін Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді Мәжіліске енгізу керек. Әрі қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», деп атап өтті Премьер-Министр.