Сәлем салу — иіліп тұрып, ұлтты биіктету

0 3

Халқымызда ғасырлар бойы қалыптасып, өмір тәжірибесімен сұрыпталған озық дәстүрлер аз емес. Соның бірі — жас келіннің қайын жұртындағы үлкендерге сәлем салу дәстүрі. Бүгінде бұл әдеп ережесіне құрылған қазақы ғұрыпты түсінбей, теріс қабылдап жүргендер де табылып жатыр. Бірақ, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық ынтымақтың терең мәнін бойына сіңірген осы дәстүр ұлтымыздың биік мәдениетінің көрінісі екеніне күмән жоқ.

Сәлем салу — келіннің иіліп тұрып ұлтты, үлкенді сыйлауы. Бұл бір жағынан инабаттылық пен тәрбиенің белгісі болса, екінші жағынан келін болып түскен шаңырақтың шуағына айналудың алғашқы қадамы.

Келін иіліп сәлем салғанда, үлкендер тарапынан «Бақытты бол, айналайын!», «Көп жаса, келінжан!» деген ақ тілектер мен баталар айтылады. Осы сөздер арқылы бір кездері бөтен болған орта енді өзінің отбасы, өзінің ел-жұртына айналады. Қанша уақыт өтсе де, келіннің бұл қылығы көргенділіктің, парасаттылықтың, ізеттіліктің айғағы болып қала бермек.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде бұл дәстүрге көз жұма қарап, тіпті, қарсы шығып жүргендер бар. Бұған дейін діни түсініктерді шатастырып, сәлем салуды дінге қайшы деп қабылдағандар болса, жуырда белгілі продюсер Баян Алагөзова сәлем салуды «жабайылық» деп атады. Оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырып, көпшіліктің наразылығына ұшырады.

Алайда, ел арасындағы зиялы қауым өкілдері, зиялы отбасылардың өкілдері бұл ұлт құндылығына қарсы айтылған пікірлердің салт-сана мен ар-ожданға жасалған қиянат екенін ашық айтып отыр. Мәселен, Тараз қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, көпшіліктің құрметіне бөленген Эльмира Иниятқызының осы тақырыпқа қатысты пікірі бұл дәстүрдің терең маңызын тағы бір айшықтап берді.

Келіннің үлкендерге иіліп сәлем салуы — қазақы тәрбиенің көрінісі ғана емес, адамгершілік пен ізеттіліктің символы. Бұл — тек келінге ғана емес, бүкіл әулетке, елге бақыт, береке әкелетін рухани көпір. Сәлем салу арқылы келін өзінің алған тәрбиесін, көрген өнегесін көрсетеді. Қанша уақыт өтсе де, мен анамнан үйренген осы дәстүрді жалғастырып келемін. Бұл — үлкеннің батасын алып, шаңыраққа құт әкелудің жолы, — дейді ол.

Кейде ресми жиындардың өзінде ұлттың рухы жоғары тұрады. Бірде Тараздағы бір жиналыста Дәметкен Ахметова есіктен кіріп келе жатқанда Эльмира Иниятқызы төрде отырған орнынан ұшып тұрып, келіп иіліп сәлем салған еді. Бұл — салтты шын көңілмен, жан-дүниесімен қабылдаған келіннің ісі болатын.

Сәлем салудың терең мәні мен тәрбиелік құндылығына тоқталғандардың бірі – белгілі жазушы, этнограф, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова. Ол өз сұқбаттарында келін сәлемінің тек қимыл-әрекет емес, үлкенге деген ілтипат пен құрметтің символы екенін жиі айтып жүр.

Келін түскен күні шаңыраққа үш рет сәлем салған. Екі жағында жеңгелері, енесі, абысындары болып, үлкендермен таныстырып, оларға сәлем салуды үйретіп отырған. Мұның барлығы – әулетке сіңісудің тетігі, үлкенмен сыйластықтың бастауы. Тіпті аяғы ауыр келіндерді сәлем салудан босатқан. Бұл — келінді болашақ ана ретінде құрметтеудің көрінісі еді. Ал, күйеуі қайтыс болған келінді біржола сәлем салудан босатып, «Жүзің төмен түспесін, қызыңдай бол» деп, қайғысын бөліскен, — дейді Зейнеп апа.

Бұрындары тіпті келін өзінен үлкен қайын ағалары өмірден өтсе де, олардың үйіне кіргенде сәлем салуды тоқтатпаған. Бұл — шаңырақ киесі мен рухына деген ерекше құрметтің белгісі.

Міне, осындай терең мән-мағынасы бар дәстүрді түсінбей, оған үстірт баға беріп, «жабайылық» деп айту халқымыздың рухани құндылықтарына топырақ шашумен тең. Бұл тәрбиесіздік емес, тамырсыздықтың белгісі. Ұлттың жүрегінен шыққан нәрсеге сырттан тон пішуге ешкімнің құқығы жоқ. Жаратқан ер адамды бір саты жоғары қойғанымен, қыз баланы нәзіктігімен, ибалылығымен, тәрбиесімен жоғары көтерген. Келін сәлемі осы тәрбиенің жарқын айғағы. Сондықтан, аналар сәлем салудың мағынасын қыздарының бойына сіңіре білсе, ұрпақ өз жолынан адаспайды. Келін иіліп сәлем салса — үлкен де ізеттілікпен тілеу айтып, бата беруге бейіл тұрады. Бұл — ұлт болып ұйысудың, шаңырақ болып шаттанудың көркем үлгісі.

Ұрпақ тәрбиесі — ауызша айтумен ғана емес, өнегелі әрекетпен де қалыптасады. Сондықтан, иіліп сәлем салған келін ұлттың рухын биіктетіп тұрған инабатты бейне екенін ұмытпайық.