Қазақ халқы үшін амандасу – жай ғана тілдік қатынас емес, рухани мәдениеттің, ұлттық болмыстың көрінісі. Бұл – үлкенге құрмет, кішіге ізет, бауырға бауырмалдық, ағайынға ниеттестік білдіретін терең мағынаға ие дәстүр. Ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл үрдіс – халқымыздың ішкі мәдениетінің айнасы.
Бұрынғы қазақ қоғамында адам танитын-танымайтын кісінің алдынан шықса да, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, ел ішіндегі ынтымақ пен берекенің дәнекері бола білген. Сәлемдесу – тек сөз емес, ол – жүректен шыққан ықылас, рухани байланыстың бастауы. Бұл дәстүрдің әрбір қимылында тәрбиенің, тектіліктің, кісілік пен кішіпейілділіктің ізі жатыр.
Алайда, бүгінгі қоғамда бұл қасиетті салттың салмағы жеңілдеп бара жатқандай. Жастардың бір бөлігі амандасуды ескінің сарқыншағы деп қабылдап, үлкенге сәлем беруді міндеттің бір түрі ретінде ғана ұғына бастағаны байқалады. Қоғамдық орындарда, көшеде, ауыл ішінде үлкенге иіліп сәлем беру сирек кездесетін көрініске айналды. Бұл – жай ғана бір ритуалдың әлсіреуі емес, ұлттық тәрбиенің тамырына түскен сызат.
Қазақ баласы бала күнінен «үлкенді сыйла», «алдымен сәлем бер», «сәлемің түзу болсын» деген сөздерді естіп өскен. Бұл ұрпақ ел ішінде абыройлы, сөзі салмақты, ісі өнегелі болатын. Ал, қазіргі таңда жастардың арасында үлкендерге деген ізеттілік пен құрметтің әлсіреп бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Үлкен кісінің алдынан кесіп өтетін, көз де салмайтын, тіпті амандасуды артық көретін жастардың әрекеті – рухани мәдениеттің әлсіреуінің белгісі.
Бұл өзгеріс тек отбасындағы тәрбиенің босаңсуынан ғана емес, әлеуметтік желілер мен шетелдік мәдениеттің үстемдігінен де туындап отыр. Амандасу – сыртқы мәдениет емес, ішкі тәрбие. Ал, тәрбие – ұлттың болашағы. Қоғамдық көліктерде жасы үлкен кісі кірсе де, орнын бермейтін, құлаққап тағып, телефонға телміріп отыратын жастардың әрекеті – бұл құндылықтың ұмытылып бара жатқанын көрсетеді. Бұрынғы қазақ баласы үлкен көрсе, орнын ұсынып, батасын алуға тырысатын. Ал бүгінгі қоғамда «мен ешкімге орын беруге міндетті емеспін» деген түсінік белең алып барады.
Ата-бабамыз «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп бекер айтпаған. Үлкенге құрмет – өз болашағына жасаған жақсылық. Бүгін орын ұсынбаған жас, ертең өзі де сондай қатынасты көруі мүмкін. Құрмет – ұмыт қалатын емес, ұлықталатын қасиет болуы керек.
Дана халқымыз «Кісі көркі – сәлем» деп, адамның адамдығын алдымен сәлемі арқылы бағалаған. Бұл – халқымыздың жаратылысындағы қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің айғағы. Сәлем беру – тек дәстүр емес, ол – рухани тәрбие. Үлкенге иіліп сәлемдесу – инабаттылық пен тектіліктің белгісі. Бұл қасиеттер жоғалған жерде құрмет те, береке де азаяды.
Сондықтан бүгінгі ата-ана баласына «Сәлемің түзу болсын!» деп тәрбиелеп, ұстаз бен қоғам өкілдері амандасудың мәнін ұғындырып отырмаса, ұлттық рухани болмысымыз әлсірей түседі. Сәлем бере білетін ұрпақ – ел мен ертеңнің тірегі. Ұлттың рухы – сәлемнен басталады. Ал, сол рухты сақтап қалу – баршамыздың ортақ міндетіміз.