«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола облысына келіп, шалғай ауыл тұрғындарына сапалы, тегін медициналық көмек көрсетті. Медицина саласындағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі 2010 жылдан бері ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, Денсаулық сақтау министрлігінің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асып келеді. Мақсат – емханалардан алыс орналасқан ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру.
Ақмола облысы бойынша пойыз Ақсуат, Шағалалы, Қызылту, Макинка, Қазақ және Өлеңті стансаларына аялдап, бірнеше күн ішінде аймақтың алты елді мекенін қамтыды. Тұрғындар терапевт, хирург, кардиолог, офтальмолог, ЛОР, гинеколог, уролог, невропатолог, психолог, стоматолог және тағы да басқа 29 түрлі маманнан кеңес алып, тексеруден өтті.
– Пойызда «УДЗ», «ЭКГ», флюорография, гастрофиброскопия сияқты зерттеу түрлері бар. Зертханалық талдаулар да алынады. Қажет болса, шағын хирургиялық оталар жасаймыз. Күрделі жағдайдағы науқастар портал арқылы елдің алдыңғы қатарлы клиникаларына жолданады. Азаматтығы жоқ адамдар да бізден көмек ала алады, – дейді пойыздың аға дәрігері Елнұр Маханов.
Пойыз заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген және санитарлық-техникалық талаптар толық сақталған. Онда медициналық құраммен қатар, заңгерлер мен медиаторлар да жұмыс істеді. Олар еңбек даулары, әлеуметтік төлемдер, құқықтық мәселелер бойынша тұрғындарға тегін кеңес берді.
Жалпы, биылғы сапар барысында медициналық пойыз еліміздің 123 елді мекеніне аялдауды жоспарлап отыр. Алты ай ішінде 90 мыңнан астам тұрғынға көмек көрсетілмек. Қазірдің өзінде 42 ауылдың 27 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетілді.
2024 жылдың өзінде осындай пойыздар 100 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсеткен. Ал, 2010 жылдан бері жоба аясында 763657 қазақстандық тексеруден өтіп, 36589 шағын операция жасалған.
Еліміздің шалғай ауылдарына үміт пен шипа ала барған бұл пойыздың елге тигізер пайдасы зор. Ақмола облысындағы сапары аяқталған соң, «Саламатты Қазақстан» пойызы Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары бағытында жолын жалғастырады.