Рухани жаңғыру мен ұлттық бірліктің тойы

0 3

Абай облысында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерейтойлық онкүндік іс-шаралар легі өз мәресіне жетті. Мерекелік іс-шаралар ақынның туған жері – Абай ауданында шоғырланып, ұлттық рухты көтерген, терең мағынасы бар басқосулармен ерекшеленді.

«Абай күніне» арналған салтанатты жиынға ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Сенат және Мәжіліс депутаттары, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов болды.

Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтау хатын оқып берді. Президент құттықтауында Абай мұрасының адамзаттық құндылық ретінде маңыздылығы атап өтіліп, ақын шығармаларын терең зерделеу қажеттілігіне баса мән берілді.

Абай облысының әкімі Берік Уәли өз сөзінде бұл мерейтой алғаш рет онкүндік форматында ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

– Абай тойы – ой тойы болуы керек деген қағидамен, біз сахналық мерекеден гөрі, елге пайдалы жобалар мен мәдени, зияткерлік, спорттық шараларға басымдық бердік. Мерейтой – ұлт игілігіне жұмыс істейтін нақты жобалар кезеңі, – деді аймақ басшысы.

Мерейтой аясында Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталды. Осы бастама бойынша еліміздің әр өңірі Абай ауданына бір-бір әлеуметтік-мәдени нысан салып беруде. Мысалы, Маңғыстау облысы – Достық үйінің, Шымкент – шығармашылық орталықтың, Астана – келешек мектебінің құрылысын қолға алса, Түркістан – көрме орталығын, Павлодар – үстел теннисі орталығын, ШҚО Ертіс жағалауын абаттандыру жобасын жүзеге асырады.

Сонымен қатар, «Абай-Шәкәрім» кесенесі маңында 60 гектарлық «Этноауыл Жидебай» кешенінің құрылысы басталды. Аудан тумасы, меценат Бектас Медғатовтың демеушілігімен жүзеге асатын бұл жоба – өңірдегі туризмді дамыту мен рухани мұраны дәріптеуге серпін беретін ауқымды бастама.

Абай тойына дейін Жидебай мен Бөрілі ауылдары толықтай интернет желісіне қосылды. Бұл — шалғай ауылдарды цифрландыру жолындағы нақты қадамдардың бірі.

Қарауылтөбеде өткен «Жеті қазына» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жорға жарысы, топ бәйге (16 км) мен аламан бәйге (25 км), қазақ күресінен “Түйе палуан” мен “Өгіз палуан” сайыстары ерекше тартысқа толы болды.

Жеңімпаздарға 90 жылқы мен 10 автокөлік сыйға тартылды. Ерекше атап өтерлігі – тоғызқұмалақ жарысы мен елімізде алғаш рет ұйымдастырылған 180 шақырымдық ультрамарафон жеңімпаздарына да автокөлік табысталды. Семей–Қарауыл арасын 19 сағат 9 минутта жүгіріп өткен Баубек Ильясов (БҚО) мәре сызығын бірінші кесіп өтті. Тоғызқұмалақта шымкенттік Ғалымжан Темірбаев жеңіске жетті.

Фестиваль аясында өткен концерттік бағдарламалар да көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. “Бала Абайдан – дана Абайға” театрландырылған қойылым мен “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” атты концертте еліміздің танымал өнер қайраткерлері мен этно-фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетті.

Онкүндік аясында өткен ең ауқымды мәдени жобалардың бірі – «Абай академиясы» атты энциклопедиялық порталдың іске қосылуы болды. Сонымен қатар, бірнеше жаңа кітап жарық көріп, тұсаукесері өтті. Мыңнан астам команда қатысқан «Абай квиз» интеллектуалдық ойыны мен зағип жандарға арналған жаңа кітапхананың ашылуы – инклюзивті бастамалардың да назарда болғанын көрсетті.

Мерейтойлық іс-шаралар Қарауылтөбедегі «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концертпен түйінделді.