Рухани мұрамыздың алтын арқауы

0 5

Қазақ халқының салт-дәстүрлері – ұлттың рухани болмысы мен мәдени өмірінің қайнар көзі. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мұра. Халықтың тарихы мен дүниетанымын, өмір салты мен адамгершілік қағидаттарын бойына сіңірген бұл дәстүрлер бүгінгі заманда да өз маңызын жойған жоқ.

Қазақ мәдениетінің терең тамырына үңілсек, әрбір салттың өзіндік мәні мен мағынасы, ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше орны бар екенін байқаймыз. Дәстүрлер – қазақы тіршіліктің темірқазығы, ұлттық болмыстың айнасы. Олар отбасындағы тәрбие үлгісінен бастап, қоғамдық қатынастарға дейінгі барлық саланы қамтиды. Әлеуметтік құрылым мен туыстық жүйенің негізінде өрбіген бұл салттар халықтың өмір сүру қалпы мен дүниетанымын айқын көрсетеді.

Бүгінгі таңда көп дәстүрлер заманауи қоғам талабына сай өзгеріске ұшырағанымен, түпкі мазмұны мен тәрбиелік мәні сақталып отыр. Қайсыбірі жаңа сипатқа ие болып, қайта жаңғырып жатса, кейбірі ұмыт бола бастаған. Мысалы, «асар», «енші беру», «жылу жинау» сынды ұжымдық көмекті дәріптейтін дәстүрлер бұрын ауыл тіршілігінде кең қолданыста болған. Бұл салттар адамдар арасындағы ынтымақ пен бауырмалдықты нығайтқан. Қазір бұл дәстүрлер сирек кездескенімен, ауылдық жерлерде әлі де сақталған.

Сондай-ақ ұмыт бола бастаған «балдыз қалың», «аушадияр», «сыралғы», «жиенқұйрық» сынды салттар да бар. Бұл дәстүрлердің көбі көшпелі қоғамның қажеттіліктеріне сай қалыптасқан және ол кезеңнің әлеуметтік, отбасылық құрылымын реттеуге қызмет еткен. Қазіргі уақытта мұндай салттардың кейбірі қоғамның жаңа заңдары мен моральдық нормаларына сәйкес келмегендіктен, қолданылмайды. Бірақ олардың тарихи және мәдени мәні – ұрпақ сабақтастығы тұрғысынан өте құнды.

Кей дәстүрлер бүгінгі қоғамда қайта жаңғырып, жаңа мазмұнмен жалғасуда. Мәселен, «шілдехана», «бесікке салу», «тұсау кесу», «сүндет той», «тілашар» сынды дәстүрлер қазір де кеңінен тойланып, ұлттық болмыстың бір белгісі ретінде қабылданады. Мұндай салттар – тек отбасылық қуаныш емес, ұлттың мәдени коды, ұрпақ тәрбиесінің өзегі.

Қазақы отбасыларда сақталып келе жатқан «ат тергеу», «құлақ тесу», «иткөйлек» сынды салттар да әлі күнге дейін орындалады. Қала мен ауыл арасындағы тұрмыс айырмашылығы кейбір дәстүрдің жиі орындалу не сиректеу кездесуіне әсер етсе де, бұл үрдістер жалпы қазақы таным-түсініктің әлі де жойылмағанын көрсетеді.

Ұлттың ұлы дәстүрлерінің бірі – қонақжайлық. «Қонақ келсе – құт» деп білетін қазақ халқы үшін қонақ күту – тек үй шаруасы емес, рухани міндет. Қонаққа сый-құрмет көрсету арқылы халық арасында мейірімділік, адамгершілік, бірлік пен бауырластық сияқты асыл қасиеттер насихатталған. Қонақтарды қабылдау рәсімі де түрліше болып, «құдайы қонақ», «арнайы қонақ», «құда-қонақ», «сыйлы қонақ» сияқты санаттарға бөлініп, әрқайсысына лайықты құрмет көрсетілген. Бұл дәстүрлер қазіргі той-томалақтарда да сақталып, қазақтың кең пейілді болмысын айшықтап тұр.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері – қоғам мен ұлттың рухани өзегін сақтайтын құндылық. Әрбір дәстүр – терең ойдың, өмірлік тәжірибенің және адамгершілік қағиданың көрінісі. Бүгінгі ұрпақ бұл мұраны тек танып-білуімен шектелмей, оны сақтап, жаңғыртып, келешекке аманат етуі тиіс. Себебі, тіл мен дәстүр – ұлттың тірегі. Оны жоғалтсақ, болмысымызды жоғалтамыз. Ал, болмысын сақтаған халық – мәңгі жасайды.