Рух пен жігер, патриоттық сезім сыйлайтын ерекше символдар

0 3

Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігін, ұлттық болмысын, тарихи тамырын айқындайтын қасиетті нышандар. Елтаңба, Ту мен Әнұран – Қазақстан Республикасының мәңгілік символдары ғана емес, әрбір азаматтың жүрегінде орын алуы тиіс рухани құндылықтар. Әсіресе, жас ұрпақтың рәміздерге деген құрметі – ел болашағына деген сенімнің айқын көрінісі.

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік рәміздерді танып, қадірлейтін жастардың қатары артып келеді. Балабақшадағы бүлдіршіннен бастап, мектеп оқушысына дейінгі жас буын патриоттық рухпен тәрбиеленіп, елдік санаға баулынуда. Желбіреген көк байрағымызды көрген сәбидің көзіндегі қуаныш, Әнұранды жатқа айтып тұрған балдырғанның шаттығы – ұлт болашағының жарқын боларын білдіретін үмітті сәттер.

Рәміздер – ұлттың рухы мен айнасы. Қазақстан жастары бүгінде халықаралық аренада ел намысын қорғап, көк Туды биікке көтеріп, Әнұранды шетел төрінде шырқатып жүр. Бұл – елге деген сүйіспеншіліктің, патриоттық сезімнің нақты көрінісі. Спортшыларымыздың жеңісі – барша қазақстандықтың жүрегін мақтаныш пен қуанышқа бөлейтін сәттер.

Жастар – ел ертеңі. Олар Елтаңбаға қарап бой түзейді, тәуелсіздіктің қадірін терең ұғынады. Мектеп оқушыларынан бастап, жоғары оқу орындарының студенттеріне дейінгі жас буын Елтаңбаның мағынасын түсініп, оны ұлықтауға ынта танытып келеді. Бұл – елдік сана мен рухани биіктіктің белгісі.

Мемлекеттік рәміздер – жастарға рух пен жігер, патриоттық сезім сыйлайтын ерекше символдар. Еліміз әрдайым рәміздерге құрметпен қарап келеді. Ал сол құрметтің жалғасын табуы – тәуелсіздігіміздің берік тұғыры. Егер осы рух пен сенімді жастар бойында сақтап қалсақ, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз.

Ұлттың ұлы мұраты – елдік пен бірлік. Ал сол мұратқа жетудің жолында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – басты тірек. Жамбыл жастары бұл жолда алдыңғы қатарда. Рәмізге деген сүйіспеншілік – елге деген махаббаттың көрінісі.