Қызылордада үшем дүниеге келді

0 3

Көпбейінді облыстық ауруханада Хадия, Хафиз, Хамза есімді үшем дүниеге келді.

Қала тұрғыны Асель Сабырбаева 23 жасында алғашқы сәбилері – үшемді дүниеге әкелді. Жас ананы Акушерлік бөлім меңгерушісі Арман Ержанова мен акушер-гинеколог Фатима Қосназарова босандырды. Нәрестелердің туылғандағы салмағы қыз бала 1996,0, ер бала 1938,0, екінші ер бала 1918,0 грамм болды.

«Жүктіліктің 35 аптасында мерзімінен бұрын босанды. Нәрестелердің туылған кезде жағдайы ауыр болды. Жансақтау бөліміне алынып, екі күн аппаратта жатты. Өкпелерін дамыту үшін дәрі берілді», — дейді Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінің меңгерушісі Индира Бекжанова.

Үшемнің денсаулығын жақсарту үшін мамандар жоғары сапалы медициналық көмек көрсетті. Қазіргі таңда нәрестелердің жағдайы тұрақты, ана сүтімен қөректеніп, анасымен бірге палатада жатыр.

Аурухананың акушерлік бөлімінде жыл басынан бері 1343 нәресте дүниеге келген. Олардың 537-сі Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінде қосымша ем алған.