Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін әділдік пен заң үстемдігін нығайту қажеттілігін үнемі айтып келеді. Өткен жылғы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да бұл мәселеге айрықша тоқталды.
Иә қоғамдағы тәртіп пен заңның сақталуы мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі болып саналады. Елімізде құқықтық мәдениеттің қалыптасуы, азаматтардың заңға деген құрметі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуі – аса маңызды мәселе. Құқықбұзушылықтармен күрес негізінен ішкі істер қызметіне жүктелгенімен, олармен бірге көп болып күрескен жөн. Ол үшін полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтардың алдын алуға байланысты халық арасында жиі болып, бірлескен жұмыс жүргізіп отырса, өз нәтижесін беретін болады.
Бұл орайда, ағымдағы жылдың төрт айында Байзақ ауданында ведомствоаралық комиссияның бір отырысы өткізілді. Отырыс барысында үш мәселе қаралып, аудандық Полиция бөлімі, пробация қызметінің және аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы есептері тыңдалды. Есепті кезеңде ауданда 112 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40 құқықбұзушылыққа артық.
Ағымдағы жылдың 5 қаңтарында аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс жоспары мен 2025 жылға арналған «Қауіпсіз-Байзақ» іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, бірқатар жұмыс атқарылды.
2025 жылдың 6-15 қаңтары аралығында аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының №3 Байзақ колледжі, аудандық емхана және Ботамойнақ, Түймекент, Қостөбе, Сарыкемер ауылдық округтерінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жиындар өткізілді.
Осы тақырыпта аудандық полиция бөлімінде Байзақ ауданы әкімдігі, аудан прокуратурасы, аудан аумағындағы медиация және билер кеңесі және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен жиын болып өтті. Ағымдағы жылдың 5 наурызы күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелерінің, сондай-ақ ауыл және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары және мектеп директорлары, басқа да қызметкерлердің қатысуымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты семинар-тренинг болып өтті. Сонымен қатар, аудан прокуратурасымен қылмыстық ахуалдың жай-күйі, құқық бұзушылық профилактикасы, оның ішінде бұрын сотты болғандар, кәмелетке толмағандармен профилактикалық шаралардың тиімділігі бойынша мекемеаралық мәжіліс отырысы өткізілді. Күн тәртібінде аудан бойынша қылмыстық ахуалдың жай-күйі, құқықбұзушылықтың профилактикасы және кәмелетке толмағандармен профилактикалық шаралардың тиімділігі туралы айтылды.
Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Е. Қуанышев аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында Қазақстан Республикасы Конституциясының, БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, оның маңызы мен міндеті, адам мен азаматтың 40 іргелі құқықтары, оларды қорғау және іске асыру тетіктері, сондай-ақ Конституцияда адам және азаматтарға кепілдік берілген құқықтар, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері туралы жан-жақты айтылды. Кездесуден соң, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізілді.
Аудан әкімінің 2024 жылғы 31 шілдедегі «Жұмыс тобын құру туралы» №75-Н/Қ өкіміне сәйкес, аудан әкімдігі жанындағы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес, граффити жазбаларды жою жөнінде профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында Жалғызтөбе және Түймекент ауылдық округтеріндегі құрылысы аяқталмаған, қараусыз қалған ескі ғимараттарға, сонымен қатар нашақорлық жарнамасы жазылуы мүмкін орындарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу жұмыстарына аудан әкімі аппараты, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, Байзақ ауданының білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің заңгері және ауылдық округ мамандары қатысты.
Сонымен қатар мал ұрлығы, алаяқтық бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. 2025 жылғы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері туралы бекітілген медиа жоспарға сәйкес аудандық «Ауыл жаңалығы» – «Сельская новь» газетінде құқықбұзушылық тақырыбында жеті мақала жарияланды. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында халық көп шоғырланған орындарда 7 баннер, мал ұрлығы бойынша 3 билборд, есірткі қылмысының алдын алу бойынша 6 билборд, адам саудасы бойынша 3 билборд орналастырылды.
Байзақ ауданы аумағында қылмыстардың және құқықбұзушылықтардың, жол көлік оқиғаларының алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 118 бейнебақылау камералары орнатылды (Бәйтерек – 5, Ботамойнақ – 6, Бурыл – 12, Диқан – 2, Жалғызтөбе – 3, Жаңатұрмыс – 7, Көктал – 8, Көптерек – 5, Қостөбе – 6, Суханбаев – 4, Мырзатай – 1, Сазтерек – 5, Сарыкемер – 43, Түймекент – 5, Үлгілі – 2, Ынтымақ – 4).
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 45 дана жасанды жол кедергілері, 150 дана жол белгілері орнатылды. 2024 жылы жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында аудан көлеміндегі қауіпті учаскелерге арнайы макеттер (полиция көлігінің макеті – 5, мал айдау макеті – 6, оқушы макеті 2 дана) орнатылды.
2025 жылдың 14 сәуірінде аудан әкімінің №41-Н/Қ өкімімен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңының 37-бабына, «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 6-бабына, «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдалануына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына сәйкес, ауданымыздың Құм өңірі аумағындағы есірткі тектес жабайы қарасора өсімдігін жою жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша Департаменті Байзақ аудандық бөлімі, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, аудан әкімі аппараты КММ-сі, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі, аудандық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі қызметкерлері және ауылдық округ әкімдері енді. Аталған іс-шара 2025 жылдың маусым айына жоспарланған.
Ауданымызда халықтың қауіпсіздігін сақтау жолында полицияға деген сенімді жоғарылата отырып, құқықбұзушылыққа қарсы жүйелі жұмыстар жалғаса беретін болады.