Құнанбай Өскенбайұлы 1874-1875 жылдары ел басқару жұмысын балаларына қалдырып, рухани кемелдену жолында қажылық сапарына шығады. Жетпіс бір жасқа жеткенінде жақын-жуығын жиып, «Қағыбатолла, Мекке барып, тәуап етіп қайтамын» деп жария етеді.
Бұл туралы Құнанбай шөбересі Әрхам Кәкітайұлы «Абай өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып-сызып беріп, ауызша ұқтырып, жолға салып жібереді. Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат-арбамен шығып, Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып пойызға отырып, Қара теңізден параходқа отырып көп михнат көріп, бір айдан асқанда Мекке қаласына жетеді», деген дерек келтіреді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы Құнанбай атасы Меккеде тәкие үйін тұрғызғанын дерек қылады. Ал, М.Әуезов жазбаларында қажылықтан қайтып келген соң, «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатыспай, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырғаны айтылады.
Сол қажылық сапарынан қайтқанда Құнанбай Өскенбайұлы өзіне арнайы тақия тіккізіпті. Тақияда қызыл матаға гүл мен жапырақ бейнесіндегі кестелі өрнектер салынған. Бүгінде сол тақия – Абай музейінің елеулі экспонаттар қорындағы жәдігерлердің бірі. Музей қорына Абайдың шөбересі Бағфур Ақылбаев тапсырған. Бүгінде тақияның көшірмесі Абайдың Жидебайдағы музей-үйінде көрермен назарына ұсынылған. Түпнұсқасы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорында сақтаулы тұр.