«Құлағыңа алтын сырға» тіркесінің мағынасын білесіз бе?

0 26

Мен осы жөнінде сауалнама жүргізіп көріп едім, жастар түгіл кейбір үлкен кісілердің өзі тура мағынасын білмейтін болып шықты. Әркім әртүрлі түсінеді екен. Халықтың сексен пайызға жуығы «Құлағыңа алтын сырға» деген сөзді «сен осыны құлағыңа құйып ал», «осы сөз есіңде жүрсін», «осы жұмысты жасау керек» және тағы басқадай түсіндірді.  

Ал менің бұл сөз туралы ертеректе қазақ баспасөзінің бірінен оқығаным және әке-шешемнен естігенім бар еді. «Құлағыңа алтын сырға» деген сөзді келіндерге немесе жас ұл-қыздарға айтатын болған. Мысалы, қонақта немесе өзге жерлерде үлкендер жас келіндердің көзінше айтуға болмайтын әрі оларға қатысы жоқ сөз айтылып қалса, «Айналайын келінжан, құлағыңа алтын сырға» дейді. Ол «Сен бұл сөзді естімегендей бола сал және елге жайма» деген мағынаны білдіреді екен.

Жуырда Алматы қаласында әр жастағы және әр саланың мамандары бас қосқан бір отырыста осы сөз туралы әңгіме қозғалды. Әркім әртүрлі пікірлері мен ойларын ортаға салды. Сонда мен «Құлағыңа алтын сырға» сөзінің мағынасы «Сен бұл сөзді естімегендей бола сал және елге жайма» деген мағынаны білдіретінін айтып едім, жасы жетпіске жетіп қалған  Мұратхан есімді бір профессор ағай менің сөзімді қоштап, қолымды алды. «Мен бұл сөздің дұрыс мағынасын сенімен бесінші адамнан ғана естіп тұрмын», деді.

Тағы бірде қонақта отыр едім, теледидарда бір шенеунікпен сұқбат-хабар жүргізіп отырған журналист әңгіме арасында әлгі кісіге «Осы мәселеге де көңіл бөлсеңіздер екен. Құлақтарыңызға алтын сырға», деді. Арамызда отырған Сыр елінің тумасы Қыстау Омаров деген егде тартқан білімді кісі бойын ашу кернеп: «Қазіргі кейбір журналистердің де сауаты шамалы екен ғой. Бұл сөздің мағынасы мүлдем бөлек емес пе?» деп, отырғандарға  мән-мағынасын жоғарыда мен айтқандай  түсіндіріп берді.

Ал, сіз осы сөздің мағынасы туралы не білесіз және не дейсіз, құрметті оқырман?