Нысанның қазығы Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кентінде қағылмақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қытай тарабының тең инвесторы, «WEINENGDA IMPORT AND EXPORT (HUBEI) CO., LTD» компаниясының вице-президенті Шан Фин ЛИ ханыммен және Қазақстан тарабының тең инвесторы, «Tulpar Rail Technologies» ЖШС директоры Мырзахмет Абылғазиевпен ауқымды жобаны талқылады.
Болашақ нысан аумағында жүк вагондары мен локомотивтердің қосалқы бөлшектерін шығаратын үш цех, инженерлік машина құрастыратын бір цех, контейнерлер сақтау орталығы және қоймалар орналасады. Сондай-ақ қызметкерлер мен жұмысшылар жатақханасын, әкімшілік кеңсе салу да жобаға енгізілген. Бұл үшін Тобыл елді мекені аумағынан кем дегенде 171 гектар жер қажет. Газ, су, электр тартылып, кірме жолдар да салынуы керек. Егер жоба толық жүзеге асса, 100 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
– Үш негізгі бағытты дамытуды көздейтін стратегиялық жоспарымыз бар. Біріншісі – Қостанай облысын машина жасау орталығына айналдыру. Екіншісі – ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді оң жолға қою. Үшіншіден, осы кезге дейін сыртқа шикізат күйінде экспортталып келген қара металлургияны өзімізде өңдейтін зауыт салу. Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін ірі жобалар қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек, «КІА» зауыты, жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт, локализация орталығы салыну үстінде. Осы салаларды тиімді дамыту үшін заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылым қажет. Егер жоба жүзеге асса, депо өңірдің теміржол тасымалы жүйесінде маңызды буынға айналып, жылжымалы құрамды жөндеу және қосалқы бөлшектер өндіру ісін жолға қоюға мүмкіндік берер еді. Сондықтан облысымыз үшін сіздер ұсынып отырған жоба өте қажет. Есігіміз өздеріңіздей инвесторларға әрдайым ашық. Барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз, – деді өңір басшысы.
Қазақстан тарабының тең инвесторы, «Tulpar Rail Technologies» ЖШС директоры Мырзахмет Абылғазиев өндіріс нысанының экономикалық тиімділігі, цехтар қызметі, шығарылатын вагон бөлшектері және басқа да негізгі жоспарлар туралы кеңінен ақпарат берді.
– Алдын ала құрылып отырған жоспар бойынша, жобаны 2025-2026 жылдары жүзеге асыру көзделіп отыр. Өнімдердің сапасы жоғары болуы үшін заманауи технология мен құрылғы-жабдықтар енгізіледі. Қосалқы бөлшектер мен өнімдерді сақтайтын қоймалардың қуаттылығы да логистикалық операцияларды жүргізуді жеңілдете түседі. Бұл, әлбетте, сіздердің экономикалық дамуларыңызға зор серпін. Жобаны іске асыру қолға алынғанда, бастапқыда 10 миллион доллардан артық қаржы құйылады. Тағы бір айта кетерлігі, қажетті өнім толығымен осы өндіріс орнында шығарылмақ, – деп атап өтті ол.
Вагон жөндеу депосы Тобылдан бөлек Қазақстанның тағы үш өңірінде салынады. Атап айтқанда, Ақтауда (25 млн $), Арыста (35 млн $) және Достық (15 млн $) елді мекенінде пайда болмақ. Ең көп қаржы – 38,5 млн доллар Қостанай облысына бағытталғалы отыр.