Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 89 елдің спортшылары бәсекелескен спорттық жарыстың бесінші күнінде де көш бастап, алдыңғы қатардан көрінді. Бес алтын, жеті күміс, екі қола медаль жеңіп алды.
Бұл күні спорттың 8 түрінен сайыс ұйымдастырылды. Оның ішінде «Қазанат» ипподромында көкпардан алтын сарапқа салынды. Бірінші таймда қырғыз көкпаршылары 3:1 есебімен алда болды. Екінші кезең басталғанда Қазақстан құрамасы қатарынан 2 салым, есепті теңестірді. Есеп бойынша, екінші кезең тең ойынмен, яғни 4:4 есебімен аяқталды. Қосымша берілген 10 минутта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, 5:4 есеппен қазақ көкпаршылары жеңімпаз атанды. Айта кетейік, Ресей көкпаршылары Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қола жүлдегері атанды. Үшінші орынға таласта ресейлік шабандоздар Түркияны 8:2 есебімен жеңді.
Ал қырғыз халқының ұлттық ойыны көк бөріден Қырғызстан командасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Финалда Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесіп, бақ сынасқан еді. Нәтижесінде, 10:4 ұпаймен Қазақстан командасы есе жіберіп, Қырғызстан командасы «алтын» жүлдесін қанжығалады. Ал қазақстандық шабандоздар көк бөрі ойындарында күміс жүлдені иеленді.
Ат спортына жататын ойынның бірі – теңге ілу. Бұл ежелден келе жатқан көне ұлттық ойын. Биылғы көшенділер ойынында теңге ілу сайысына 13 мемлекеттен 31 спортшы қатысты. Жарыстың бесінші күнінде теңге ілудің «Бес белес» стилінен алтын жүлде қазақстандық спортшы Бекнұр Серіковке бұйырды. Екінші орынға моңғол спортшысы Айболат Ұнатқан жайғасса, үздік үштікті қырғыз Әділбек Кенжебекулы түйіндеп отыр. Ал жарыстың соңғы күні спортшылар «қос құлаш» бойынша бақтарын сынады. Нәтижесінде, «қос құлаш» бойынша Рахат Қамбаров алтын медаль жүлдегері атанса, Бақыт Төлтай «жеті құс» стилінен алтын жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы Қазақстан құрамасы мангала ойыны бойынша қорытындыны жақсы нәтижелермен аяқтады. Биғали Зкрияев пен Құндыз Есіркеп алтын жүлде тұғырынан көрінсе, Айкерім Қуанышбекова мен Азамат Қайдаров қола медальға қол жеткізді.
Этноауыл маңында өткен бәйгеге барлығы 27 шабандоз қатысты. Соңғы айналымда 7 ат қана қалды. Ойын жеті түрлі шақырым қашықтықта өтті. Қазақстандықтар бұл жарыс түрі бойынша 11 медальға ие болды. Соңғы екі күнде өткен 18 шақырым қашықтықтағы топ бәйгеде сынға түскен сәйгүліктер арасында жүлделі орындар Қазақстан жүйріктеріне бұйырды. Мәре сызығын бірінші болып Бақтыбай Сержанның Холлибой сәйгүлігі кессе, екінші болып Арнат Мұратханның Зымыран жүйрігі мәреге жетті. Ал 25 шақырымға жалғасқан аламан бәйгеде де қазақстандық үш тұлпар жүлделі орындарды иеленді. Мәре сызығын бірінші болып Аңсар Арыстанбектің «Айқабақ» жүйрігі кесті. Хамза Аманкелдінің «Жұмыртұяқ» тұлпары екінші болып келсе, қырғызстандық Нұрел Элесов «Қара қыз» сәйгүлігімен үштікті түйіндеді. Қазақстан қоржынында бір алтын, бір күміс бар.
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ ату жарысы өз мәресіне жетті. Командалық сайыста Қазақстан құрамасы Аустралиядан келген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Садақшылар көшпенділер ойындарын бір алтын, екі күміс, бес қола жүлдемен аяқтады. Одан бөлек, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында татар халқының көне ұлттық белбеу күресі көрәштен ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша өткен жарыста Біржан Шаймерденов (90 келі) алтын жүлде алса, Әділет Шалғынбекұлы (64 келі) мен Нұрдәулет Жарылғапов (100 келіден жоғары) күміс жүлдеге ие болды. Бекнұр Бектай (75 келі) қола жүлде алды.
«Алау» мұз сарайында өткен түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша жарыс өтті. Қазақстандық үш бірдей спортшы күміс жүлдеге ие болды. Олар Ернұр Сүлеймен (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Айдос Ғалымов (90 келі).
Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден жарыс «Думан» қонақүйі және спорт кешенінде өтті. Бәсекеде қазақстандық Әсел Далиева алтын жүлде алса, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлде иеленді.
Құсбегілік – көшпенділер өмірінен берік орын алған өнер және қазақтың қанына сіңген көне дәстүр. Бұл алдыңғы төрт Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енбеген еді. Яғни, аталған спорт түрі бойынша Астана төрінде дода тарихындағы алғашқы жүлдегерлер анықталды. Құсбегілік көшпелі халықтардың дәстүрі, мәдениетімен астасып жатыр. Сондықтан, ойындағы басты талаптың бірі – саятшылардың киімі құсбегілік талаптарына сай келуі керек. Сай келмеген жағдайда ұпай шегеріледі. Іріктеу және финалдық кезеңдері этноауылда өтіп, мәресіне жетті. Ұлттық құрама спортшылары бүркіт, қаршыға және сұңқар салудан бәсекеге түсіп, ел қоржынын тағы да жүлделі орындармен толықтырды.
Дүбірлі додада «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен жарыстар бүркіт салу, қаршыға салу және сұңқар салу атты үш түр бойынша өтті. Екі күн қатарынан өткен жарыс тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама құсбегілері 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына байлады.
Атап айтқанда, «Ителгі салу» бойынша алтын және күміс жүлделері қырғызстандық Бақыт Шамұратұлы мен Түгелбай Әбдіқадыровқа бұйырса, қола медаль иегері болып ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажан атанды.
«Бүркіт салу» санатында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған Алғыр құсымен иеленді. 2 жаттығу бойынша өткен тартысты бәсекеде екінші орынға Заңғар құсымен Ерзат Байқадамов шықса, қола медальді құсбегі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркітімен еншіледі.
«Қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орынды Найзатұяқ құсымен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, екінші орынға Қырғызстан спортшысы Адильбек Құдайбердиев Қарамоншақ құсымен жайғасты. Ал ұлттық құрамамыздың тағы бір спортшысы Бағдат Кеуенов Сомбалақ қаршығасымен қола медаль иегері атанды. Айта кету керек, жаһандық жарыста құсбегілік спорт түрі бойынша 10 мемлекеттен 42 спортшы қатысты. Отандық 9 құсбегі ел намысын қорғады.
«Сарыарқа төрін апта бойы дүбірге толтырған көшпенділер ойынында құсбегілеріміз ерекше ойын өрнегін көрсетті! 9 медальдің 6 түрін отандық құсбегілер олжалады. Атап айтқанда, 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді жеңіп алдық. Дәстүрлі медальдар мен қаржылай сыйлықтан бөлек, бүркітшілер сайысында топ жарғандарға біздің федерация демеушілер есебінен екі бірдей көлік және қосымша ақшалай сыйлықтар табыс етті. «Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту» деп Президентіміз атап өткендей, көшпенділердің бірлігі арта берсін», – деді Республикалық Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли.
Төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өз мәресіне жетті. 21 спорт түрінен тартысқа түскен 89 ел спортшыларының ішінде ұлттық құрама спортшылары көш бастап, ойынды 114 медальмен аяқтады. Қазақстан үлесіне 43 алтын, 34 күміс, 37 қола бұйырды.