Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін елді мекендерді сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қордай ауданында жүйелі жұмыстар қарқын алып келеді.
Бүгінде аудан аумағында таза ауызсуға қол жеткізген елді мекендердің қатары артып отыр. Жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын жобалар нәтижесінде 10 ауылда ауызсу желілері тартылып, тұрғындар орталықтандырылған сапалы суға қол жеткізді. Бұл ауылдар қатарында Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды және Бәйтерек бар.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Жыл соңына дейін Шарбақты, Күнбатыс-2, Алға және Гвардейск ауылдарына да су тарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, келесі кезеңге арналған жобалық-сметалық құжаттар да назардан тыс қалған жоқ. Қарасай батыр, Қызылсай, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Жаңатұрмыс және Күнбатыс-1 ауылдарын ауызсумен қамту үшін құжаттар әзірленіп, жобалаушы мекемелермен келісімшарттар жасалды.
Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша биылғы жылы 15,4 миллиард теңге бөлініп, 36 ауылға таза ауызсу жеткізу жоспарланған. Бұл – өңірдегі барлық ауылды 100 пайыз ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.
Мұндай кешенді шаралар халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға да оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.