Қолдау жобалары қарқын алды

0 2

Елордада халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, қалада білім беру, медицина, мәдениет және спорт салаларында жаңа нысандардың құрылысы қарқын алған.

Әкім өз жазбасында қалада әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда, Астанада жаңа мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайлары, медициналық мекемелер және мәдениет ошақтары бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды қолдау шаралары да қарастырылған. Жуырда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевпен бірге қала басшысы бірнеше маңызды әлеуметтік нысанды аралап шықты.

Соның бірі – «JOLTAP» жобасы. Бұл бастама 2023 жылдың күзіде іске қосылып, қысқа мерзім ішінде үлкен нәтижелер көрсетті. Жоба елорда тұрғындарына тегін түрде жаңа мамандықтар меңгеруге, кәсібін бастауға, жұмысқа орналасуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күнге дейін 13 мыңға жуық азамат «JOLTAP» аясында оқудан өтті. Қатысушылар тігіншілік, бухгалтерлік есеп, жиһаз жасау, дәнекерлеу, аяқ киім жөндеу сынды 11 түрлі жұмыс мамандығы және «SMM», графикалық дизайн, мобилография, видеомонтаж сияқты 7 цифрлық дағды бойынша білім алды. 2025 жылға дейін тағы 8 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жоба аясында іске қосылған «JUMYSTAP» онлайн платформасы жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы тікелей байланысты жолға қойып отыр. Бұл жүйеге елорданың ірі жұмыс берушілері тартылған.

Қала әкімінің жазбасында ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың отбасыларына арналған жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Солардың бірі – «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы. Бұл орталық 2023 жылдың сәуір айында Достық көшесінде ашылып, қазіргі таңда 13 арнайы кабинет пен 3 ата-аналарға арналған күту аймағымен жабдықталған. Мұнда 20 маман 6 түрлі интервенциялық бағдарлама бойынша балаларға ақысыз қызмет көрсетеді.

Ерекше балаларға көрсетілетін қолдау тек бір орталықпен шектелмейді. Қазір Астанада 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы, 2 аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, мектептер мен балабақшалардың 95 пайызы инклюзивті білім беруге бейімделген.

Мұнымен қатар, 2022 жылы құрылған «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үй жағдайында және жартылай стационар үлгісінде қызмет көрсететін жаңа бағыттағы мекеме ретінде ерекше қажеттіліктері бар балалар мен отбасыларды қолдап келеді.

-Өз тарапымыздан мұндай орталықтардың желісін кеңейтуді әрі қарай жалғастырамыз. Әлеуметтік жобалар – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы ең маңызды құрал, — деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.

Елордада қолға алынған бұл жобалар – тек бүгіннің ғана емес, болашақтың игілігіне бағытталған нақты қадамдар екені сөзсіз.