Қолдау қаражатына қалай қол жеткізуге болады?

0 6

Жетісу облысының орталығында жыл санап әртүрлі кәсіп ашып, өз ісін сәтті дамытуға ден қойған азаматтардың саны артуда. Солардың бірі – Жанар Доспанбетова. Кәсіпкер бүгінде «Жанар» брендімен спорттық киімдер тігіп, табысын еселеуге ден қойған.

Сала жауаптыларының сөзінше, қазір Талдықорған қаласы бойынша 18 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бар. Олардың қатарында жоғары жетістікке жетіп жүргендер көп. Қазіргі кезде үкіметтің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты», «Бастау Бизнес» сынды жобалары бар. Мұндай  бағдарламалар жаңадан қатарға қосылған кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Соңғы бірнеше жылда өңірдегі біраз азамат әр түрлі грантқа, тағы басқа да қолдау қаражатына ие болып, өз жобаларын  ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Бірақ, Жанар Доспанбетова аталған бағдамалардың  бір де біріне қатысқан емес.

Жанар ханым 30 жылдан астам уақыттан бері ине-жібін серік етіп, киім және басқа да бұйымдар тігудің қыр-сырын әбден меңгерген. Он саусағынан өнер тамған шебер сонау 2000-шы жылдары Оңтүстік Корея Республикасына барып, төрт жылға жуық мол тәжірибе жинақтап қайтқан. Содан бері Талдықорғандағы «Жетісу» сауда үйінің екінші қабатынан өзіне қолайлы орын тауып, жалғыз өзі сапалы ұлттық нақыштағы спорттық киімдер мен басқа да төсек-орын бұйымдарын тігуді кәсіп етуде. Қазір ол шығарған отандық бұйымдар сапалы әрі бағасы да қолжетімді болуымен құнды. Шебердің қолынан шыққан спорттық киімдер бүгінгі күнде жоғары сұранысқа ие әрі 5 мың теңгеден сатылуда.

– Әр істі жаңадан бастау кезінде, әрине, қиындық туатыны сөзсіз. Бірақ, өз ісіңе деген адалдық бәрін жеңеді. Қазіргі уақытта мен жұрт талабына сай киімдердің барлық түрін тіге аламын. Соның ішінде арнайы ұлттық нақышта тігілген спорттық киімдерге сұраныс өте көп. Тапсырысқа қарай күніне 3-4 спорттық киімді тігемін. Ендігі мақсатым, шағын тігін цехын ашып, шәкірт тәрбиелеу. Бірақ, оған қаржы қолбайлау. Бүгінге дейін үкіметтен ешқандай қолдау қаражатын алып көрген емеспін, – дейді кәсіпкер.

Осы орайда Жанар сынды кәсіп иелерінен үкіметтен бөлінетін кәсіпкерлікті қолдау қаражаттарына қалай қол жеткізуге болады, деген сұрақ жиі туындайтыны анық. Мамандардың жауабынша, қазіргі кезде бұл бағытта «Ауыл аманаты»,  «Бастау Бизнес» бағдарламалары жолға қойылған. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы  аясындағы грантқа ие болу үшін мынадай бес шарт толық орындалуы  тиіс:

  1. Жұмыссыз ретінде тіркелген немесе ісін жаңадан бастаған жеке кәсіпкер болу (тіркеу мерзімі бір жылға дейін) керек немесе бірыңғай жиынтық төлем төлеуші немесе жеке үй шаруашылықтарында жұмыс істейтін тұлға болуы қажет.
  2. Келесі әлеуметтік санаттардың біріне қатысты болуы қажет: 1) жастар (29 жасқа дейін); 2) атаулы әлеуметтік көмек алушылар; 3) көп балалы отбасы – көп балалы отбасыларға жәрдемақы алушылар мүшесі; 3) мүгедектер; 4) мүгедек баланы тәрбиелеуге жәрдемақы алатын тұлғалар; 5) оңтүстік облыстардан солтүстікке көшіп келгендер; 6) қандастар.
  3. Тұрғылықты жері бойынша кемінде бір жыл тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы (мигранттар мен қандастарға қатысты емес) қажет.
  4. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды сәтті аяқтағаны туралы үш жылдан аспаған сертификаттың болуы қажет.
  5. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту барысында әзірленген бизнес-жоспары болу керек. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтағаны туралы жарамды сертификат және оқу барысында дайындалған бизнес-жоспар міндетті түрде болуы керек.