«Қоғаммен байланыс»: ауыл тұрғындары құқықтық көмек алды

0 1

Т.Рысқұлов ауданында заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және тұрғындарға құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Прокуратура бастамасымен өткен бұл акция – халықпен жүйелі диалог орнатудың жаңа форматы ғана емес, сонымен қатар нақты нәтижелерге жеткізген пәрменді құралға айналды. Жоба шеңберінде ауданның түрлі елді мекендерінде бір уақытта кездесулер ұйымдастырылып, олардың барысы қашықтан нақты уақыт режимінде бақыланып отырды. Бұл тәсіл шалғай ауыл тұрғындарының да назардан тыс қалмауына мүмкіндік беріп, 200-ден астам азаматтың нақты құқықтық көмек алуына жағдай жасады.

Кездесулер барысында жолданған өтініштер мен мәселелер кешенді түрде талданып, нәтижесінде 5 мыңға жуық азаматтың конституциялық құқықтарына тікелей қатысты өзекті түйткілдер анықталды. Прокуратураның жедел әрекеті арқасында бұл мәселелердің басым бөлігі дереу шешімін тауып, аудан бойынша арыз-шағымдардың 21 пайызға төмендеуіне оң ықпал етті.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің жеке қабылдауына келген тұрғындар негізінен көпшілікті қамтитын жүйелі мәселелерді көтерді. Олардың қатарында шалғай елді мекендерден видеобайланыс арқылы қосылып, өз өтініштерін жеткізген азаматтар да бар. Мәселен, Жарлысу ауылындағы су құбырының санитарлық талаптарға сай еместігіне байланысты облыс прокуроры тиісті уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар беріп, мәселені шешуді бақылауға алды. Сонымен қатар 56 адамның еңбек құқығының бұзылуына қатысты аудан прокурорына арнайы қадағалау актісін енгізуді тапсырды. Қорағаты ауылында көп жылдан бері шешілмей келе жатқан «Молбол» шаруа қожалығына қатысты 41 пай үлескердің жер телімін қайтару мәселесі прокуратураның тікелей араласуынан кейін ғана оң шешімін табуда.

Аудан көлемінде мал ұрлығы мен тіркелмеген мал санының артуы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл мәселелерге жауап ретінде шекаралас ауылдарда ветеринарлық және шекаралық қызметтердің қатысуымен көшпелі науқандар жүргізіліп, 15 мыңнан астам малдың ішінен 4,5 мыңға жуығы биркаланып, есепке алынды. Заңсыз мал айдаудың алдын алуға бағытталған бұл шаралар құқықтық тәртіпті сақтауға айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына жер мәселелеріне қатысты заңнаманы түсіндіру және құжат рәсімдеуге көмек көрсету мақсатында консультативтік семинарлар өткізілді.

Алматы-Шымкент республикалық тас жолының аудан аумағы арқылы өтуіне байланысты апатты аймақтарда да бақылау жүргізіліп, «Қауіпсіз жол» жобасы аясында полиция қызметкерлерінің жұмысы бағаланды. Бұл бастаманың нәтижесінде биыл облыс жолдарындағы өлім-жітім көрсеткіші 9,8 пайызға төмендеп отыр.

«Қоғаммен байланыс» жобасы ауқымдылығы, ашықтығы мен нәтижелілігі арқылы прокуратура мен халық арасындағы сенімді нығайтып, мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың тиімді форматына айналды Ең бастысы – халықтың үніне құлақ асылып, нақты әрекет жасалды.