Қоғаммен ашық диалог – жаңа сапаға жол

0 4

Абай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі түрлі саланың өкілдерімен бірқатар маңызды кездесу өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен стратегиялық бағыттарын кеңінен түсіндірді. Сапар аясында әлеуметтік қызметкерлермен, құқық қорғау құрылымдарымен, білім мен дін саласының мамандарымен ашық әрі мазмұнды диалог өрбіді.

Іссапар аясында алғашқы кездесу әлеуметтік қызмет саласының мамандарымен өтті. Мәлік Отарбаев жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан басым бағыттарын жеткізіп, олардың ел дамуына әсері жайлы сөз қозғады.

«Президентіміз атап өткендей, ел болашағы үш негізгі құндылыққа – әділдікке, ұрпақтар сабақтастығына және өрлеуге негізделуі тиіс. Әділ шешім қабылдай алатын азамат қана қоғамға нақты пайда әкеле алады», – деді кеңесші.

Бұдан әрі құқық қорғау және әскери құрылымдардың өкілдерімен кездесу өтті. Онда «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы орны мен өзектілігі басты назарға алынды. Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасын мемлекеттік басқарудың өзекті құжаты ретінде бағалап, құқықтық мәдениетті қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.

«Басты міндет – мемлекетті сақтау, тәуелсіздікті нығайту және мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру», – деді Президент кеңесшісі.

Жиында облыстық прокуратура мен полиция департаменті өкілдері, сондай-ақ ішкі істер органдары ардагерлері құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар жайлы есеп берді.

Сапар соңында Мәлік Отарбаев Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және жас ғалымдармен кездесті. Бұл кездесуде ғылым мен білім саласындағы жаңа міндеттер мен реформалар талқыланып, жастардың белсенділігі мен жаңашылдығы – ел болашағының негізі екені атап өтілді.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен діни бірлестіктердің өкілдерімен болған кездесуде қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық пен рухани құндылықтарды сақтау жайы сөз болды. Мәлік Отарбаев бұл бағыттағы жұмыстардың ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын айтты.