Қазығұрт ауданында жылыжай шаруашылығына бет бұрған кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына барған жұмыс сапарында аймақтағы жылыжайлардың жұмыстарымен жақыннан танысып, жоғары баға берді.
Тұрбат ауылындағы «Сайдусман ата» шаруа қожалығы жылына 600 тонна көкөніс өндіріп, 5 миллион түп көшет өсіреді. Оның 360 тоннасы қызанақ болса, 240 тоннасы қияр. Жалпы, 4 гектарды құрайтын жылыжайдың 1 гектарында көшет өсірілсе, қалған 3 гектары көкөніс өсіруге ыңғайластырылған. Мұнда 32 адам тұрақты жұмыс істейді.
Одан кейін өңір басшысы Тұрбат агросекторындағы «Пасека бал» шаруа қожалығында болды. Кәсіпкерлермен кездесіп, омарта шаруашылығын дамыту бағытында пікір алмасты. Жылына 150 тонна бал өндірілетін омартада жиырма адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда омарта шаруашылығынан бөлек жылыжай жұмысы да жолға қойылған. Он сегіз гектарды құрайтын қожалықта көкөністер мен раушан гүлі өсіріледі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Жаңабазар ауылдық округінде жалғасты. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан орталық ауруханаға барып, жауапты мамандарға құрылысты сапалы жүргізуді ескертті. Көпфункционалды аурухана 2,2 гектар жерге орналасқан. Мұнда жалпы саны 10 мың адамға медициналық қызмет көрсетіледі.
Облыс басшысы ауданға жасаған сапарында тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтер кілттерін тапсырды. Бұл үйлердің құрылысы былтыр наурыз айында басталған болатын. Құрылысты «Урба Стандарт» ЖШС жүргізген. 1 тұрғын үйде 8 пәтерден бар. Оның ішінде 1 бөлмелі 2 пәтер (36,4 м²), 2 бөлмелі 4 пәтер (59,4 және 52,2 м²) және 3 бөлмелі 2 пәтерден (74,8 м²) бар.
Түркістан облысы құрылғалы бері он төрт мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде, коммуналдық тұрғын үймен 7567 отбасы, ал, «7-20-25» және «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы 6594 отбасы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жерде динамикаға қарайтын болсақ, жылына шамамен коммуналдық тұрғын үй қорынан және түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы 2200-ге жуық пәтер табысталуда. Өткен жылдың өзінде ел 1174 коммуналдық үймен және 977 ипотекалық үймен қамтамасыз етілді.