Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту

0 7

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында Төтенше жағдайлар министрінің есебін тыңдады. Аумақтық ТЖД-лар бейнеконференцбайланыс режимінде қосылды.

 «Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Бұл мәселені Бас Прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірінші орынбасарым Роман Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы сондай-ақ солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайы тексерілген болатын. ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.