Қазақстан қор нарығы үшін стратегиялық қадам

0 3

Қазақстан қор нарығы қытай юанімен интеграцияға бет бұрды. Енді компаниялар өздерінің акциялары мен облигацияларын юаньмен орналастырып, есеп айырысу жүргізе алады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы («KASE») басқарма төрағасының орынбасары Дана Аманжолова мәлімдеді. Оның айтуынша, юаньмен алғаш облигация шығарған эмитент – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ.

«KASE» юаньмен сауда жүргізу үшін өз регламенттеріне бірқатар өзгеріс енгізді. Енді биржа қатысушылары мамандандырылған сауда-саттық, жазылу және жария ұсыныс («public offering») арқылы бағалы қағаздарды юаньмен орналастыра алады. Бұл, әсіресе, қытайлық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетейік, 2023 жылдың маусымында Ресейде юань негізгі шетел валютасы мәртебесіне ие болды. Мәскеу биржасындағы сауда-саттық көлемінің тең жартысынан астамы осы валютада жүрді. Қазақстандағы соңғы өзгерістер де юаньның рөлінің күшеюін көрсетіп отыр.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан қор биржасының индексі 1,4 пайызға өсіп, 5 658,74 пунктке жетті. Осы кезеңде индекстік акциялармен мәмілелердің жалпы көлемі 59,7 миллиард теңгені құрады. Бұл – 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,1 миллиард теңгеге артық.

Сауда-саттықтағы ең жоғары көлем «Қазақтелеком» АҚ-ның қарапайым акцияларына тиесілі болды – 15 миллиард теңге. Бұл жалпы индекстік акциялармен сауда көлемінің 25,2 пайызына тең. Ал, өсім жағынан көш бастаған – «Банк ЦентрКредит» АҚ. Оның акциялары 24,2 пайызға қымбаттады.

Екінші орынға 18 пайыз өсіммен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның акциялары орналасты. Банктің 2024 жылғы таза табысы 32,8 пайызға өсіп, 931 миллиард теңгеге жетті. Пайыздық кіріс те 38,5 пайызға артқан.

Үшінші орын – «Қазақтелеком» АҚ-ның акцияларына тиесілі. Компания «PIH Communication LLC»-ге «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін сатуды аяқтады. Осы мәміледен кейін «Fitch Ratings» компанияның кредиттік рейтингін «BBB» – деңгейінде «Тұрақты» («Stable») болжамымен растады. Алайда, «S&P Global Ratings» мобильді активтердің сатылуын ескеріп, рейтингті «BB+»-дан «BB» деңгейіне дейін төмендетті.

Айта кету керек, 2025 жылдың алғашқы үш айында шетел валюталары нарығындағы сауда көлемі 9,8 триллион теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,4 пайызға немесе 2,2 триллион теңгеге артты. Орташа күндік мәміле саны – 941, ал бір мәміленің орташа көлемі – 183,1 миллион теңге.

Сонымен қатар, жылдың басынан бері акция нарығындағы жалпы капитализация 3,4 пайызға төмендеп, 31,8 триллион теңгені құрады. Қайталама нарықта ғана сауда жүргізілген. Жалпы акциялармен сауда көлемі 64,2 миллиар теңге болды, бұл былтырғыдан 42,5 пайызға аз.

Бірінші тоқсанда «Ақбақай Gold Resources» АҚ, «Mega Center Management» АҚ және «Ақтөбе-Темір-ВС» АҚ еншілес компанияларының акциялары биржадан алынып тасталды. Бұл шешімді аталған эмитенттер өз еркімен қабылдаған.

«KASE» юаньмен есеп айырысу арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Бұл – Қазақстан қор нарығы үшін стратегиялық қадам.