Қазақ тілін құрметтеген ұйғыр ұланы

0 4

Құлан аудандық полиция бөлімінде мемлекеттік тілдің абыройын арттырып, қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – кинология қызметі тобының кіші инспектор-кинологы, полиция кіші сержанты Азизхан Исмаилов.

Ұлты ұйғыр болса да, тілі мен жүрегі қазақ халқымен біте қайнасқан Азизхан қазақ тілін шын жүректен құрметтейді. Ол мектепті орыс тілінде аяқтағанымен, бала күнінен қазақы ортада өсіп, қазақ достарымен араласа жүріп мемлекеттік тілді еркін меңгерді.

Ол 2018 жылы Құлан агротехникалық жоғары колледжіне оқуға түсіп, электромонтер мамандығын меңгерді. Оқу барысында да қазақ тілін тереңірек үйренуге барынша тырысты. Сабақта, күнделікті өмірде тілді дұрыс әрі сауатты қолдануға ниет білдіріп, ана тіліндей сіңіріп алды. Бұл оның қазақ халқына деген ілтипаты мен өз ортасына деген құрметінің айқын көрінісі еді.

Колледжді тәмамдаған соң, Азизхан еңбек жолын 2021 жылы «A&T энерго» ЖШС-де күзетші қызметінен бастады. Тұрғындар оны жылы қарсы алып, азаматтығы мен адами қасиеттеріне жоғары баға берді.

2021–2022 жылдар аралығында Азизхан Сарыөзек ауылындағы №12740 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп келді. Әскери бөлімде де мемлекеттік тілде сөйлеу машығын жетілдіріп, тілдік қабілетін шыңдай түсті.

2023-2024 жылдары ол Жамбыл облысы әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ және аудандық «Мансап» орталығының жолдамасы арқылы аудандық полиция бөлімінде құжат рәсімдеуші қызметін атқарды. Бұл жерде де оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруі ұжыммен тез тіл табысуына жол ашты.

2024 жылдың тамыз айында Азизхан аудандық полиция бөлімінің ғимараттарды күзету тобына жұмысқа қабылданды. Ал, биыл мамыр айынан кинология қызметі тобына ауысып, полиция кіші сержанты лауазымында кіші инспектор-кинолог қызметіне кірісті.

Бүгінде Азизхан – өз ісіне тиянақты, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары қызметкер. Мемлекеттік тілге деген құрметі, қазақша сөйлеуге деген ұмтылысы жас мамандарға үлгі болып отыр.

Отбасында үш баланың ортаншысы Азизхан — өзінің ұлтына адал, еліне жанашыр, мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры. Ол полиция бөлімінде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізіп, әріптестерімен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Бұл – тек маман ретіндегі жетістік емес, бұл – азаматтық ұстаным.

Қазақтың «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзін өмірлік ұстанымға айналдырған Азизхандай азаматтардың көбейе түсуі мемлекеттік тілдің болашағына деген сенімді күшейтеді.