Қазақ халқына бітімгершілік сөзі жат емес. Ерте ғасырларда дау-дамай, жанжал, жесір, жетім дауы билердің алдында шешімін тауып, жүйеленген. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған даналардың ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі.
«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Бірақ, сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай? Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамыздан кетпейді. Сәл дау туса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот залына шығарып, шешкіміз келеді.
Сотқа жүгінгеннен біріншіден уақытыңыз кетеді. Екіншіден шығындаласыз. Қаржыңыз кетеді, мемлекеттік баж төлейсіз, жол шығындарыңыз бар, адвокат жалдайсыз. Үшіншіден ағайын-туыс, дос арасындағы сыйластыққа нұқсан келеді. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысуға, таласуға мәжбүр боласыз. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтып жатады. Сол себептен кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін.
Ертеректе шешімі қиын даумен биге жүгініп барған кісілер ақ және қара қылдан ескен жіп ала барған. Егер дауласқан екі жақ та би шешіміне тоқтаса, билік айтушы «айттым – бітті, кестім – үзілді» деп, жіпті қақ ортасынан қиып, даудың шешілгенін білдіреді. Бұл – билік айтқан адамның «ақ» пен «қараны» ажыратып, қара қылды қақ жарған әділдігін білдіретін таңба болған.
Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, ойланған жөн. Сіз немесе сотқа жүгінемін деген танысыңыз эмоцияға берілген жоқ па? Көбісі кейіннен ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, шешуге болар еді ғой деп, өкініп жатады. Олай болмас үшін ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады. Уақыт жоғалмайды. Ақша үнемделеді. Қатынас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақталады.
«Жігіттің жақсысы – дұрыс сөзге тоқтай білгені, басқаны сөзіне тоқтата білгені» деп Әйтеке би айтқандай, екі жақ та қаласа, сот татуласу процесін бастау үшін істің қаралуын кез келген сатыда тоқтата алады.
Дана халқымыз «Дау мұраты – бітімгершілік» деп бекер айтпаған. Осы бағытта бүгінде билер кеңесі мен татуластыру орталықтары жұмыс істеп жатыр. Билер кеңесі – елге, ауыл-аймаққа сөзі өтімді ақсақалдар әртүрлі санаттағы даулар бойынша тараптарды бітімге шақыруда.
Дауласудан бұрын өзара бітімге келейік, Ағайын!