Жуалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Заң мен тәртіп – Қауіпсіз Қазақстан үшін» қағидаты аясында «Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз болашақ!» тақырыбында оқушылармен маңызды кездесу өтті.
Аталған іс-шараға Жуалы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, аудандық полиция бөлімінің инспекторы Илияс Жұмағұлов, аудандық полиция бөлімінің зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы Бексұлтан Таңсықбай, аудандық жастар ресурстық орталығының заңгер-маманы, сондай-ақ мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заңға деген құрметін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдерді жауапкершілікке, тәртіпке тәрбиелеу болды. Шара барысында қазіргі қоғамда жиі кездесетін құқықтық мәселелер, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың салдары жан-жақты талқыланды.
Алғаш болып сөз алған Ерназар Жүзбаев білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, оқушылардың заңды білуі олардың болашақтағы қауіпсіз әрі саналы өмірінің негізі екенін атап өтті. Ол мектеп қабырғасынан бастап құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.
Өз кезегінде полиция инспекторы Илияс Жұмағұлов жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың заң алдындағы жауапкершілігі туралы нақты мысалдар келтірді. Ал, Бексұлтан Таңсықбай зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллинг мәселелері жөнінде кеңінен ақпарат беріп, мұндай әрекеттердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын ескертті.
Кездесу барысында аудандық жастар ресурстық орталығының заңгер-маманы оқушыларға өз құқықтарын қалай қорғау керектігін, қиын жағдайға тап болғанда қайда және кімге жүгіну қажеттігін түсіндіріп, пайдалы кеңестер берді.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің құқықтық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, заңға деген сенімін нығайтты.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар оқушыларды өз құқықтары мен міндеттерін терең меңгеруге, заңға бағынатын, білімді, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуға шақырды.