Қарағандылықтар таза ауызсумен толық қамтамасыз етілетін күн жақын

0 3

Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қарағанды облысында ауылдарға су тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Айта кетерлігі, бұл қаражат заңсыз иемденіліп, кейін мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бағытталып отыр.

Аталған жоба аясында Қарағанды қаласы мен облысқа қарасты бірнеше ауылдық елді мекендерде су құбыры жүйелері жаңартылып, жаңадан салынып жатыр. Олардың қатарында Тихоновка, Садовое, Колхозное, Ақтерек, Әлихан ауылдары және Көктенкөл стансасы бар.

Су құбыры желілерінің жаңартылуына негізгі себеп – инфрақұрылымның тозуы. Көптеген елді мекендерде құбырлар ондаған жыл бойы жөндеу көрмей, жиі апат орын алған. Соның салдарынан тұрғындар ауыз сусыз қалып, жүйелі шағымдар көбейген. Бұл мәселені шешу үшін кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынып отыр.

– Су жүйесінің тозуы – тек тұрмыстық мәселе емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін фактор. Қайтарылған активтерді халық игілігіне пайдалану – әлеуметтік әділеттілік қағидасын жүзеге асырудың нақты көрінісі, – дейді жергілікті билік өкілдері.

Қазіргі таңда құрылыс және жөндеу жұмыстары барлық елді мекендерде басталып кеткен. Жоба ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Бұл тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін бермек.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қарағанды қаласының тұрғындары 99,4 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етілсе, облыс ауылдарында бұл көрсеткіш 97,9 пайызға жеткен. Су құбырларының жаңартылуы – осы көрсеткішті толықтай 100 пайызға жеткізуге бағытталған нақты қадам.

Мемлекет соңғы жылдары елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асырылуының бір мысалы. Қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуы – тұрғындардың сенімін арттырып, ел игілігіне қызмет етудің жарқын үлгісі болмақ.