Әр мезгілдің өзіне тән ерекшеліктері болады. Мысалы, жазды жаймашуақ мезгілге теңесе, күзді молшылықтың, қысты тазарудың символына санап жатады. Ал, көктем жаңару мен жасарудың айы екені белгілі. Қыс ұзап кетсе, «кәрі құданың» қыңыр мінезіне ұқсатып жататынымыз сияқты, көктемдегі кейбір жағдайларға байланысты бұл мезгілді «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп жатамыз.
Иә, қазақтың әр сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Сол сөздің тереңіне бойлаған сайын болашақты дәл болжаған көреген халықтың таным-түйсігі таң қалдырмай қоймайды. Әр мезгілдің «мінезіне» қарап бір ауыз сөзбен дәл сипаттама беру, әрине, табиғатпен етене халықтың ғана қолынан келетін шығар. Бірақ, өкінішке қарай, көшпелі түркі тайпаларының, оның ішінде қазақ ұлтының қаншама көне сөздері кейінгі буынға жетпей қалды, санадан сүрілді. Кешегі нәубетті кезең қазақтың таным-түсінігіне, әдет-ғұрпына кері әсер еткені сонша, тіпті, өзінің тілінен жерінетін жағдайға жетті. Бүгінде «үт» деген сөзге үрке қарайтындар бар. Шын мәнінде бұл қай мезгіл, қандай мағына береді? Қазақта «Жақсы болса үт – кәді-кәді сүт, жаман болса үт – малға келер жұт» деген сөз бар. Мұның мағынасы қыстан тарығып шыққан елдің көктемге ілінгенін, көкке жеткенін, егер осы мезгілде күн қайта суытса жаңа туған төл суыққа ұрынатынын білдіреді. Тағы бір жерлерде үтті жабықтан түскен жарық сәуле деп түсіндіреді. Қалай айтқанда да, қыстан қысылып шыққан шаруаның көңіліне де, өміріне де бұл мезгілде шуақ, жарық түсіретіні анық.
Биылғы үт қандай болады дегенге келсек, cиноптиктердің ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, Қазақстанда осы жылдың көктемі әдеттегіден жылы болады. Оның ішінде оңтүстік өлкенің де жылы болатыны белгілі. Бірақ, бұл қысқы киімдердің бәрін сандыққа салып, жайлауға қарай жеңіл жорта беруге болады деген сөз емес. «Қыстың бір күнінен қорық» дейді қазақ. Қай жылы қыстың беті қайтып, күн райы біршама жылынып қалған кезде аяқ астынан боран болып, бұрқасында қалған мал ықтасын таба алмай, үсіп өлді емес пе?! Созақ ауданындағы бір шаруа он шақты жылқысынан көз жазып қалып, қар еріген кезде қатып қалған қаңқасын тапты.
Жалпы, көктемгі мал төлдету науқанына немкетті қарауға болмайды. Мал шаруашылығының табысты болуы осы мезгілге тікелей байланысты болғандықтан бұрындары бұған ерекше дайындық жұмыстары жүргізілетін. Қырдағы малдың жай-күйін білу үшін апта сайын хабар алып, қар жауып, жол жабылып қалған жерлерге тікұшақпен жем-шөп тасыған кездер де болған. Қазір малдың біразы жекенің қолында болған соң, оның жағдайын біліп, жәрдемдесу де ұмытыла бастады. Бірақ, біз жекенің малы да сайып келгенде мемлекеттің байлығы болып саналатынын ұмытпауымыз керек.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының берген мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда өңірімізде ірілі-ұсақты он миллионға жуық мал бар. Соның басым бөлігі жекенің малы. Атап айтсақ, 1 355 793 ірі қара болса, 6 574 327 қой, 233 306 ешкі, 611 789 жылқы мен 69 075 түйе бар екен. Бұлардың ішінде, әсіресе, «Сексек ата» мен «Зеңгі баба» түлігі тоңғақ келеді. Ресми мәлімет бұл екі түлік түрінің басым бөлігі жекелеген адамдардан гөрі ауылшаруашылығы құрылымдарында көбірек екенін көрсетеді. Яғни бір жерде шоғырланған. Дәлірек айтсақ, облысқа тиесілі түйенің жартысына жуығы жекенікі болса, қалғандары санаулы ғана құрылымның қора-жайында шоғырланып тұр. Бұл құрылымдардың қысқы шем-шөп қоры жеткілікті ме, «жіңішкенің үзілер шағынан» аман өтіп, көкке қиналмай жете ала ма? Бұл – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс басқармалар мен бірге еліме болсын деген әрбір адамды да ойландыра жүретін мәселе. Ауылшаруашылығы басқармасынан бұл мәселені де сұрастырып көрдік. Ондағы мал шаруашылығына жауапты маман Рүстембек Мұздыбаевтың айтуынша, қазірше алаңдауға негіз жоқ. Шаруалардың жем-шөп қоры жеткілікті. Бірақ, «сақтықта қорлық жоқ» екенін де естен шығармаған жөн.
Тағы да синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, қазіргі наурыз айында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жауын-шашын қалыпты жағдайда болса, сәуірде нормадан жоғары болады. Ал, мамыр айында облыстың таулы аймақтарында болмаса, басқа жерлерінде ылғал аз. Соған қарағанда, биылғы көктем әдеттегіден ерте келмесе де күн райының бірден қызып кетуі ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, көктем біршама жылы болғанымен арасында аязды күндері де бар. Әсіресе, таулы аймақтарда қар жауып, аяз түсуі мүмкін. Сол үшін тұрғындар ауа райының күрт өзгеруіне дайын болып, ауа райы болжамын ескере отырып, өз тірліктерін алдын-ала жоспарлағандары жөн.