Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында тағылымы терең, рухани мәні зор кездесу өтті. Ол қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның туған шаңырағында орналасқан мұражай үйіне арнайы барып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухына тағзым жасады.
Сапар барысында ПД бастығы жазушының мұражай-үйіндегі бай кітапханамен танысып, қаламгер көзі тірісінде тұтынған рухани қазынаға қанықты. Сөрелерде тізілген әрбір кітап, қолжазба мен құжат Шерхан Мұртазаның терең ойы мен кемел болмысының, ел мен жер тағдырына деген шынайы жанашырлығының айғағындай әсер қалдырды.
Мұражайда сақталған тұрмыстық бұйымдар мен жеке заттар, сирек кездесетін жәдігерлер жазушының өмір жолы мен шығармашылық әлемінен сыр шертеді. Бұл құндылықтар келушілерге қаламгердің адами болмысын, азаматтық ұстанымын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Қайсар Сұлтанбаев мұражайдағы тілектер кітабына жүрекжарды лебізін қалдырып, қазақ руханияты мен сөз өнеріне деген құрметін білдірді. Ол өз сөзінде ұлт жазушысының көзі тірісінде өзіне арқардың мүйізін сыйға тартып, «мүйізің қарағайдай көшбасшы бол» деп ақ батасын бергенін тебіреніспен еске алды. Бұл естелік оның жүрегінде мәңгілікке сақталған рухани аманат екенін атап өтті.
– Шерхан Мұртаза – ұлттың сөзін сөйлеп, елдің жүгін арқалаған қайраткер тұлға. Оның шығармалары мен өмірлік ұстанымы бүгінгі және келер ұрпақ үшін де темірқазық болып қала береді, – деді ПД бастығы.
Тағылымды сапар әдебиет пен елдік мүдденің, рухани сабақтастық пен ұлттық құндылықтардың бір арнада тоғысқанын айқын көрсетті. Бұл – ұлт руханиятына деген тағзым мен тағылымды өнегенің жарқын көрінісі.