Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесулерін жалғастыруда. Олардың барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоба-жоспарлармен бөліседі. Көпшіліктің талап-тілектеріне де құлақ түріп, ұсыныстарды назарға алады. Қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқату жолдары талқыланады.
Айталық, бұған дейін Павлодар ауылында электр энергиясының желілері жиі үзіліп, қолайсыздық тудыратын. Соның салдарынан тұрғындардың үйлеріндегі талай тұрмыстық техника жарамсыз да болып қалды. Алдағы уақытта жарық «жалп» етіп сөніп қалмас үшін, баспаналар мен нысандарды электр энергиясымен үздіксіз қамту үшін ауқымды істер қолға алынып отыр. Атап айтқанда, қосалқы станса орнатылып, бірінші желі іске қосылды. Қазіргі таңда фидер тарту жұмыстары жалғасуда. Тамыз айында екінші желі қосылады.
Сонымен қатар, елді мекенге кіреберіс жолдар абаттандырылды. Жалпы, жыл басынан бері 34,5 шақырымнан астам жол жөнделіп, бес аялдама орнатылған. Тағы төрт аялдама қою бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Ауылда абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
Облыс басшылығының қолдауымен Кенжекөл ауылы да кезең-кезеңімен абаттандырылуда.
— Инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Айталық, 4 шақырым жол асфальтталды, көше жарығына 68 бағана орнатылды, ұзындығы 3,74 шақырым болатын электр желісі тартылды, тартан жабыны бар үш заманауи балалар алаңы салынды. Сол сияқты, ауыл тұрғындарының жайлы демалысы үшін шағын саябақ пайдалануға берілді, — деді Х.Хабылбеков Кенжекөл ауылының тұрғындарымен кездесуінде.
Бұл ретте Кенжекөл ауылының тұрғындары жергілікті атқарушы органдардың жұмысына оң бағасын бергенін атап өту керек. Сондықтан болар, кездесу барысында айтарлықтай сұрақтар мен ескертулер болған жоқ.
Атамекен кентінің тұрғындары да қала әкімімен жүздесу барысында инфрақұрылымдық жобалардың сәтті жүзеге асып жатқанына ризашылықтарын білдірді. Оның жөні де бар. Биыл кенттегі Отырар, Мақажанов, Шолохов, Құрманғазы, Ғарышкер көшелері мен екі қабатты үйлер орналасқан Мақажанов көшесінің учаскесіндегі жалпы ұзындығы 4,5 шақырым болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Панфилов, Қазыбек би, Бұқар жырау және Олжабай батыр көшелерінде 5,1 шақырым жол жөндеу жалғасуда.
Сондай-ақ Мақажанов және Айдагөл көшелерінде заманауи балалар ойын алаңдары орнатылды. Саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.
Қала басшысының ауыл және шағынаудан тұрғындарымен кездесуі алдағы уақытта да жалғасады.