Қайтарылған қаражат ел игілігіне бағытталуда

0 1

Байзақ ауданындағы Төрткөл ауылында халық көптен күткен қуанышты жаңалық орын алды. Қайтарылған заңсыз активтер есебінен қаржыландырылған жаңа су құбыры желілері мен су жинау құрылыстарының құрылысы ресми түрде басталды.

Салтанатты іс-шара барысында ауыл тұрғындары, аудан әкімдігінің өкілдері, прокуратура қызметкерлері мен ел ағалары жиналып, «уақыт капсуласын» жерге салу рәсіміне қатысты. Бұл – тек символдық қадам емес, елдің ертеңіне, келер ұрпақтың игілігіне жасалған нақты қадамның көрінісі.

Жобаның нәтижесінде Төрткөл ауылының 274 тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Ауыл үшін бұл – үлкен серпіліс, себебі мұнда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында құрылыс жұмыстары соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы жүргізілмеген.

Байзақ ауданы прокуроры мен аудан әкімінің орынбасары өз сөздерінде бұл жобаның маңыздылығын атап өтті. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар да ел ішінде тіршілік нәрінің маңызы зор екенін айтып, игі бастамаға ақ баталарын берді.

Құрылыс жұмыстары биылғы тамыз айында аяқталып, жаңа су жүйесі іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл – ауылдың өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастарды ауылда тұрақтандыруға, инфрақұрылымды жақсартуға да өз үлесін қоспақ.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстан Үкіметі ел игілігі үшін қайтарылған қаражатты тиімді жұмсап келеді. Денсаулық сақтау, білім беру, спорт және сумен жабдықтау салаларында жалпы саны 333 әлеуметтік маңызы бар жоба қолға алынған. Төрткөлдегі құрылыс – сол бастамалардың бірі ғана. Бірақ, бұл ауыл үшін ол – жаңа өмірдің бастауы.