Қайтарылған активтерге мектеп пен су құбыры салынуда

0 2

Қызылқоға ауданында заңсыз иемденген  активтерді қайтарудан түскен қаржы мектеп пен су құбырларын салуға жұмсалуда. Атап айтсақ, тоғыз миллиард теңгеге жуық қайтарылған қаржыға Жамансорда мектеп-интернат салынса, Миялыдан Тайсойғанға дейін магистральдық су құбыры тартылуда. Жергілікті халық үшін бұл жай ғана «инфрақұрылым» деген жалпылама ұғым емес, жылдар бойы күткен нақты нысандар.

Жамансор елді мекеніндегі бастауыш  мектепте спортзал, акт залы атымен жоқ. Ал жоғары сынып оқушылары болса Атырау, Құлсары қалалары мен Мақат, Мұқырыға қатынап білім алып жүр. Ал бұл жағдай Жамансор ата-аналарын алаңдатып отыр. Сол себептен бірнеше жылдан бері мектеп проблемасын көтеріп, жаңа ғимараттың салынуын талап етумен келеді.  Осы сұранысқа сай 2 миллиард теңгеге 80 орынды мектеп пен 30 орынды интернат құрылысы өткен жылы қолға алынған болатын. Мердігер «Жиенбай» ЖШС  мектеп-интернаттың ғимаратын биыл бітіріп, тапсыруды көздеп отыр. Егер құрылыс дер кезінде аяқталып қолданысқа берілсе, жоғарғы сынып оқушылары ондаған, жүздеген шақырымға қатынамай, өз ауылында оқи алады.

Аудандағы екінші нысан – Миялыдан Тайсойған ауылына тартылып жатқан магистралды су құбыры. Жоба құны 6 877 миллион теңгені құрайды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 73,5 шақырым болатын магистралды су құбырын салып, 12 су ұңғымасын қазу жоспарланып отыр.

Мердігер «Сапа құрылыс 2007» ЖШС күні бүгінде ұңғыма қазуды толық аяқтап, 66 шақырымға су құбырын жүргізіп үлгерсе, 104 су құдығын орнатқан. Енді мамандар полиэтилен құбырларын біріктіруді қолға алуда. Бұдан соң су айдау нысандары салынатын болады. Бұл нысан келісімшарт бойынша үстіміздегі жылы толық аяқталып, пайдалануға берілмекші.

Ауданға бөлінген тоғыз миллиард теңгеге жуық қаржы – үлкен мүмкіндік. Осы қаражат тиімді әрі ашық игеріліп, ел күткен су құбыры тартылып, жаңа мектеп бой көтерсе, халықтың көптен бергі арманы орындалар еді.