«Қайрат» – «Реал Мадрид»: 0:5

0 3

Алматының Орталық стадионында UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясында өткен айтулы матчта қазақстандық «Қайрат» командасы өз алаңында Еуропаның әйгілі гранды – мадридтік «Реалмен» кездесті.

22 мыңнан астам жанкүйер жиналған стадиондағы тарихи ойынды алаң иелері белсенді бастап, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Әсіресе алғашқы минуттарда алматылықтар батыл әрекеттер жасап, әйгілі қақпашы Тибо Куртуаның қырағылығын сынап көрді. Алайда бұл қарқын көп ұзамай бәсеңсіп, ойын тізгінін испандықтар өз қолына алды.

Кездесудің 25-минутында «Қайрат» ойыншысы айып алаңында ережені бұзып, төреші пенальти нүктесін көрсетті. Он бір метрлік мүмкіндікті Мадрид клубының жаңа жұлдызы Киллиан Мбаппе мүлт кетірмей, есеп ашты. Бұдан кейін де «Реал» басымдығын арттыра түсті. Екінші тайм бастала салысымен, дәл сол Мбаппе дубль жасап, есепті 0:2-ге жеткізді. Араға бірнеше минут салып, тағы да сол Мбаппе қақпаны дәл көздеп, хет-трик авторы атанды.

Қонақтар шабуылды тоқтатпады. 83-минутта Эдуардо Камавинга шеберлік танытып, есепті ұлғайтты. Ал ойынның соңғы минуттарында Браим Дияс соңғы нүктені қойып, матч тағдырын толықтай шешті.

Нәтижесінде «Қайрат» өз алаңында 0:5 есебімен ойсырай ұтылып, жанкүйерлерін қуанта алмады. Дегенмен, осындай деңгейдегі клубтармен жасыл алаңда күш сынасу — қазақстандық футболдың өсу жолындағы маңызды тәжірибе. Мадридтік «Реалмен» доп түйістірген әр сәт – біздің спортшылар үшін үлкен мектеп, биік белеске бастар баспалдақ.