Дінімізде ең әуелі сөз пайда болған дейді. Халық ішінде де сөздің қасиеті туралы көп айтылады. «Сөз бұзылса, адам бұзылады» деген халық даналары ертеден-ақ ел іші бұзылмас үшін, тыныштыққа іріткі түспеу үшін сөздің бұзылмауына басымдық берген. Дана Абай да «Сөз өнері дертпен тең» деп бекер айтпаса керек-ті. Жараланған жанды емдейтін де сөз, ойламаған тұстан омақаса құлататын да бір ауыз сөз. Жаратылыстың бастауы болған сөз ғылымның да басында тұрса керек, кешегілерден қалған мағынасы терең, қасиетті сөздерді зерттеп, бүгінгі сөз өнеріне бейім жастарды көркем сөзге баулып жүрген ғалымдардың бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры Меңдібай Әбілұлы. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Меңдібай Әбілұлымен сұқбаттасып, сөздің ғылыми даму бағыты турасында әңгімелестік.
– «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор–оқытушылары шәкірт тәрбиесінде, ғылымда қандай жетістіктерге жетіп жүр? Студенттер арасында ғылыми ізденіс жұмыстарында дараланып келе жатқан жастар туралы айта кетсеңіз. Шәкірттеріңіздің ішінде мақтанышпен кімдерді атап айтар едіңіз?
– Ғылым саласында жақсы жаңалықтарымыз жоқ емес. «Педагогика» факультеті – университетіміздегі іргелі факультеттердің бірі. «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының жас ғалымдары үнемі ізденіс үстінде болатынын баса айтқым келеді. Шәкірттеріміздің бірі 3-курс студенті Арай Сырлыбаеваның «Семсердің жүзі – бабалар ізі» атты мақаласы профессор-оқытушылардың ғылыми-зерттеу мақалалар жинағына енгізілді. Ал, Аяжан Махамбет, Рабиға Чкал, Нұрай Дүйсенбаева жазбаша айтыс жүргізіп, өздерінің талантты жастар екенін дәлелдеді. Университетіміздің қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының студенттері көп жылдан бері қазақтың жазбаша айтыс өнерін қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – жазбаша айтысты жандандыруда бар өнерін салып келеді. Олар жастарға үлгі-өнеге боларлықтай келелі істерді жүзеге асырды. Студенттердің жазбаша айтысын құрастырып, жинақ қылып баспадан шығардық. Кітапты Астанадағы, Алматыдағы, Шымкенттегі жоғары оқу орындарына тараттық. «Жазба айтысын ұйымдастыру арқылы білімгерлер мен мектеп оқушыларын шығармашылыққа баулу» атты оқу құралым баспадан басылып шықты. Қисса жанры мен жазбаша айтыстың пайда болуы мен қалыптасуы, балалардың әдебиетке деген құштарлығын арттырудағы әсері туралы бірнеше ғылыми мақалаларым республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына және өз өңіріміздегі баспасөз беттерінде жарияланып жүр. Жазба айтысын ұйымдастыру арқылы жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырамыз. Ізденуші-педагог Бақытгүл Қалматаеваның «Жазба айтысын бастайық…» атты кітабы біздің университет жанындағы әдеби бірлестіктің қолдауымен жарық көрді.
Биыл айтыс туралы республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенттері арасында жазбаша айтыс жүргізілді. Осы конференцияда «Жазбаша айтыстың пайда болуы мен қалыптасуы» атты баяндама жасадым. Өткен жылы университетімізде «Семсердің жүзі» атты романым бойынша «Семсердің жүзі» – бабалар ізі» атты республикалық семинар өткізілді. Сондай-ақ «Балалар әдебиеті тарихының қалыптасуы және жаңа Қазақстан дәуіріндегі филология ғылымының өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда Ташкент қаласындағы Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің докторанты, филология ғылымдарының кандидаты Перхан Алламбергенова «Телевидение және балалар әдебиеті», Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы Қарақалпақ мелекеттік университетінің ассистенті Нұрдана Бақытжанқызы «Меңдібай Әбілұлының Тұмар патшайым қиссасы», Алматы облысы, Қарасай ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Мақсат Әлсейітов «Тереңнен бастау алатын балалар әдебиеті», Ташкент қаласы Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ізденушісі Наффол Болтаев «Жахон болалар адабиети ва униң узбек радиосидаги тарғиботи», Ұлыбританияның Лиск қаласындағы Лиск университетінің мұғалім-тренері Мистер Моо «Ұлыбританиядағы балалар әдебиетінің қысқаша тарихы», Ұлыбританияның Манчестр қаласындағы Род-Айленд университетінің мұғалім-тренері Миссис Альфредер «Меңдібай Әбілұлы және ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірілік университеті «Ұстаз» институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының» 1-курс студенті Нұрсұлу Асқарқызы «Меңдібай Әбілұлы – сықақшы жазушы», Меркі ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Айғаным Мұратбаева «Балалар әдебиетінің негізін қалаушылар» атты баяндамалар жасады.
Университет жанында Жүсіп Баласағұн атындағы әдеби бірлестік жұмыс істейді. Әдеби бірлестікке облысымыздың, Тараз қаласының мектеп мұғалімдері, оқушылары, студенттер мүше. Олардың тырнақалды поэзиялық және прозалық туындылары бірлестіктің демеушілігімен жарыққа шығып, оқырмандарға жол тартып отырады. Бірлестік Қазақстан Жазушылар одағымен және одақтың облысымыздағы бөлімшесімен тығыз байланыста. Бірлестік университеттің тәрбие бөлімі һәм жастар ісі жөніндегі комитетпен бірігіп, осы кезге дейін біршама игілікті істерді атқарды. Атап айтар болсақ, білімгерлер мен мектеп оқушыларының «Албырт жырлар, асқақ сезімдер» (2003 жыл), «Мөлдір сезім армандарға бастайды» (2004 жыл), «Балауса жырлар, алтын мақсаттар» (2005 жыл), «Өлең-жыр менің шаттығым» (2009 жыл), «Таулар мен төбешіктер» (2009 жыл) жинақтары жарыққа шығып, облысымызға, республикамызға, шет елдерге тарады. Сонымен бірге бірлестік 4 білімгердің, 5 мектеп оқушысының, 2 мектеп мұғалімінің, 1 зейнеткердің, 1 банк қызметкерінің өлеңдер жинағын Алматыдағы «Полиграфия сервис және К» атты баспадан кітап етіп шығаруға мұрындық болды.
– Филология ғылымдарының кандидаты ретінде еліміздің нарықтық жағдайдағы рухани күйіне қандай баға берер едіңіз?
– Қазіргі нарық заманы ғалымдарымызға үлкен сынақ болып отырғаны рас. Кеңестік дәуір идеологиясының әсерінен жоғала жаздап қалған салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, еліміздің тарихын, әдебиетін, жазба жәдігерлерімізді тереңнен қазбалап, өскелең ұрпақтарымызға аманат етіп тапсыруымыз қажет. Ұлттық идеологияның тамыры тереңге жайылуы керек, сонда ғана салт-дәстүрлеріміз сақталып қалады. Бүкіл әлем жұртшылығы таңданған салт-дәстүрлерімізді сақтап қалудың ең бір тиімді жолы – елімізде қазақ халқының санын көбейту. Халқымыздың саны көбейсе, ұлттық салт-дәстүрлеріміз одан әрі дами түсетіні сөзсіз.
Мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясы да кеңейе түседі. Орыс тілді қазақтар азаяды, әдебиетімізде, өнерімізде зор сілкініс пайда болады. Мерзімді басылымдардың, кітаптардың таралымы көбейеді.
Жақында облыс орталығында жыршы-жыраулар орталығының құрылуы қазіргі жағдайда рухани байлығымызды арттырудағы маңызды қадам болғаны анық. Мектеп оқулықтарына қисса деп аталатын әдеби жанр мен балаларға арналған жазбаша айтыс енгізілуі керек. Қиссада қара сөз бен өлең-жыр араласып келіп отырса, жазбаша айтыста айтысушы екі оқушы немесе екі студент қолына қағаз, қалам алып, апталап, айлап, жыл бойы жазып айтысады. Мұның өзі әдебиетке қызығатын жастардың танымын, өлеңге деген құштарлығын артырады. Бұған мектеп оқушылары мен студенттердің жазбаша айтысын ұйымдастырғанда көзіміз жетті.
– Өзіңіз қандай ғылыми зерттеулер жүргізіп, қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
– Ғылыми еңбектерім жайлы айтсам, «Қазақ әдебиетіндегі діни-исламдық поэзия» (2003), «Жыраулар мен ақындар поэзиясындағы діни ағартушылық сарын (ХІІІ-ХVІІІ ғасырлар)» (2012) атты монографиялар жаздым. 2011 жылы еліміздің Білім және Ғылым министрлігі, Алматы облысының әкімшілігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, ТүрікСОЙ Түркі мәдениетінің Халықаралық ұйымы, Қазақстан Республикасының кітап мұражайы Ж.Жабаевтың туғанына 165 жыл толу мерекесіне орай «Жамбыл және түркі халықтарының эпикалық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, сонда «Жамбыл – әлем түркілері поэзиясының алыбы» атты баяндама жасадым. Филология ғылымдарының магистрі Г. Әбіловамен бірге «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Алтын Орда (Қыпшақ) дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХІІІ-ХІV ғасырлар)», «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХV-ХVІІІ ғасырлар)» деп аталатын хрестоматиялық оқу құралын құрастырдық.
Жалпы, ғалымдар тарапынан ежелгі дәуірдегі балалар әдебиеті, балалар ауыз әдебиеті туралы бұрын ғылыми еңбектер жазыла қойған жоқ еді. 2014 жылы «Ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті» атты оқу құралым жарыққа шыққан соң ғалымдар тарапынан, талантты студенттер тарапынан жылы лебіздер білдіріле бастады. Айтулы жетістіктердің бірі ретінде «Ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті» атты оқу құралымның облысымыздың бірқатар мектептерінде «Ежелгі дәуірдегі балалар әдебиеті» деген атпен 4-5 сынып оқушыларына таңдау пәні ретінде жүргізілетінін айтқым келеді. Оқу құралы туралы республикалық балалар журналы «Балдырғанда», мектеп оқушыларының «Ұлан» газетінде мақалалар, оқу құралынан үзінділер жарияланды. Мұның өзі қазақ балалар әдебиетінің тарихындағы айтарлықтай құбылыс болғаны анық. Дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі Екінші ұстазы атанған қазақтың тұңғыш ғалымы, отырарлық Әбу Насыр әл-Фарабидің, баласағұндық Жүсіптің, жүйнектік Ахметтің, Қожа Ахмет Яссауидың, бақырғандық Сүлейменнің ақыл-өсиетке құрылған поэзиялық туындылары балалардың сүйсініп оқитын шығармаларына айналды.
– Қазіргі уақытта елімізде ғылымға деген көзқарас қандай? Билік тарапынан қолдау бар ма? Ғылымда қандай проблемаларды өзекті дер едіңіз?
– Өзімнің салам бойынша көзқарасымды білдірейін. Қазақ әдебиеттану ғылымының олқы тұстары баршылық. Тараздық ғалым, әдебиеттанушы Ахмет Құдайдаттың «Көркем сөз өнері» атты еңбегін мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтарға енгізу, оның әдебиеттану ғылымына енгізген жаңалықтарын үйренуге арналған дөңгелек үстелдер, семинарлар, ғылыми конференциялар өткізу қажет. Ежелгі Тараз қаласының тарихын зерделеуге, жазба жәдігерлердің маңызына терең үңіле отырып, еліміздің тарихы мен әдебиетіне қатыстысына назар аударылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өкінішке қарай, тіл шұбарлығына қарсы іс-шаралар өткізілмей келеді. Тараз қаласында «Адамат», «Ақшамат», «Айгелек», «АлРай», «Бай-бей» және тағы басқа толып жатқан мағынасы түсініксіз сөздердің пайда болуы, жеткіншектердің қоғамдық орындарда бейәдеп сөздерді қолдануы мемлекеттік тілдің қолданылу аясына кедергі келтіретіні даусыз. «Бару керекпіз», «қайту керекпіз», «баратырық», «келатырық», «жатырық», «отырық» секілді тағы да басқа сөздер көбейіп барады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, оны болдырмау шараларын қолға алса, ұлттығымызды сақтауға да үлкен негіз болмақ. Ғылымға деген көзқарас жаңаша бағытпен жанданып келе жатқанын да жоққа шығармаймыз, әрине. «Қарахан», «Тектұрмас» журналдарының ашылуы, есімдері мен ғылыми еңбектері зерделеніп жатқан тараздық Ибатұлла, Ахмет Құдайдат сынды тарихи тұлғалардың ғылыми айналысқа ене бастауы ғылымдағы жаңа өріс сияқты болып отыр.
– Әлгінде әдеби бірлестік туралы айтып қалдыңыз, оның берері қандай, бүгінге дейін әдеби бірлестік ғылымға не қоса алды?
– Әуелі айтарым – әдеби бірлестік әдебиетті насихаттайды. Ал, әдебиет тіл ғылымын терең зерттеуге көмекші құрал бола отырып, көркем тілді байытады. «Әдебиет – ардың ісі» деп бекер айтылмаған. Жастардың поэзияға деген құштарлығын ояту, көркем сөз құдіретін сезіндіру біздің міндетіміз болғандықтан бұл игілікті іске құлшына кіріскеніміз рас. Білімгерлердің тырнақалды туындыларын жинау, талқылау, редакторлау, газеттер мен журналдарға жариялауға көмектесу, жинаққа дайындау, ай сайын жиналыс өткізу, мектептер мен колледждерде әдеби үйірмелер мен әдеби бірлестіктер құруға ұйытқы болу, әдеби кештер мен поэзия кештерін ұйымдастыру, кездесулер өткізу аз жұмыс емес. Біздің ұтқанымыз – жастарға әдебиеттің не екенін ұқтырдық. Мына өмірдің әдебиеттен, поэзия мен көркем сөзден тұратынын түсіндірдік. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең…» деп Абай атамыз айтқандай, өлеңнің (поэзияның) адамзаттың өмір сүру кілті екенін жастар санасына құя отырып, оның әсер ету құдіретіне тереңдей ендік. «Шығыста жеті ақын бар, сол жеті ақынның ең осалы менен мықты» деген неміс ақыны Иоганн Гетенің поэзияға ден қоюын, әйгілі Фирдоусидің «Шахнама» кітабының бүкіл әлем кітаптарының патшасы атанғанын, Фараби бабамыздың поэзияға деген ықыласын, Ахмет Ясауи бабамыздың Қасиетті Құран сүрелері мен аяттарын поэзияға айналдырған асқан дарын иесі екенін, атақты түркіден шыққан Рабғузи бабамыздың «Рабғузи қиссаларын», Абай мен Махамбеттің, Төлеген Айбергенов пен Жұмекен Нәжімеденовтың, Мұқағали мен Мұхтар Шаханұлының қазақ поэзиясына қосқан үлесін жастарға ұғындыра білдік.
Қазақ әдебиетін жан-жақты насихаттау һәм университеттің беделін көтеру мақсатында, сонымен бірге әдеби шығармашылықпен айналысатын жастардың шығармашылығын дамыту үшін 2002 жылы университет жанынан Жүсіп Баласағұн атындағы әдеби шығармашылық бірлестік құрылған болатын. Жоғарыда да айтып өттім, бірлестік университеттің тәрбие бөлімі һәм жастар ісі жөніндегі комитетпен бірігіп, көптеген істерге ұйытқы болды. Бірлестік мүшелері республикамыздың саяси өмірінен де шет қалған жоқ. 2003 жылы Қарағанды қаласының тұрғыны Владимир Нүсіпхановтың қазақ тілін менсінбей, қазақ тілінің ғұмыры ұзақ еместігін, жақында өлі тілге айналатынын айтып, «Известия» газетіне жазған «Дайте этому языку спокойно умереть» атты мақаласына қарсы республикамыздың барлық білімгерлері мен жастарына арнап Үндеу жазды. Үндеу республикалық «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Қазақ тілі туралы теріс пікір таратқан Ресейдің қоғам қайраткері В.Жириновскийге Ашық хат жазылды. Есірткіге қарсы күрес жұмыстарына да үн қосып отырды. Республикамыздың барлық білімгерлеріне Үндеу жарияланды.
2002 жылдан бері ұмытылып бара жатқан жазбаша айтысты, қисса жанрын қайта түлету бойынша біршама жұмыстар жүргізілді. Жазбаша айтыс облыстық «Jambyl» телеарнасы арқылы насихатталып, облыстық, қалалық, аудандық газеттерге жарияланды. Бірлестік мүшелері жазбаша айтысты Тараз қаласындағы №10, №47, №33 мектептерде, «Тараз-Ғасыр», «Болашақ» колледждерінде ұйымдастырды. Жазбаша айтыстың өз алдына әдеби жанр екенін дәлелдеп, бірнеше мақала жазылды. Білім және Ғылым министріне жазбаша айтысты мектеп оқулығына кіргізу жөнінде ұсыныстар жазылды, республикалық, облыстық басылымдарда және өз университетіміздің «Ясауи таңы», «Ясауи тағылымы» газеттеріне ғылыми мақалалар жазылды. Білімгерлерге арналған «Жазбаша айтысты ұйымдастыру арқылы білімгерлерді шығармашылыққа баулу» (2003 жыл), «Жазбаша айтысты ұйымдастыру арқылы білімгерлер мен мектеп оқушыларын шығармашылыққа баулу» (2005 жыл) атты оқу құралдары жазылып, Алматыдағы «Полиграфия сервис және К» атты баспадан кітап болып шықты. Қисса жанрын қайта түлету мақсатында «Бауыржан батыр туралы қисса», «Сәмен батыр туралы қисса», «Қайбұлла Ерниязұлы туралы қисса», «Есен Бисұлтанұлы туралы қисса», «Анахарсис-Анарыс туралы қисса», «Байзақ датқа туралы қисса», «Батырбек датқа туралы қисса», «Әулие Мағзаман туралы қисса» және тағы басқа қиссалар жазылып, көбі баспадан кітап болып жарыққа шықты.
Талапкерлерді университетке көптеп тарту мақсатында «Тараз-Ғасыр» колледжінде М.Мақатаев атындағы әдеби бірлестік, «Болашақ» колледжі жанында М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік, №47 мектепте «Жас қалам» әдеби үйірмесі құрылды. Бұл бірлестіктер мен үйірмелерге қатысқан білімгерлер біздің университетімізге оқуға келгенін атап айтуға тйіспіз. Қазір бірлестік республикаға, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан қазақтарына танылып үлгерді. Мұндай ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, жастардың рухани байлығын молайтуда тыңғылықты жұмыстар жүргізген әдеби бірлестік республикамыздың жоғары оқу орындарында да жоқ. Жақында бірлестік мүшелері Жамбыл ауданындағы «Шайқорық» орта мектебінде «Жастығым – поэзия» тақырыбымен әдеби кеш өткізіп қайтты. Әдеби кеште «Шайқорық» орта мектебінің 4 оқушысын бірлестікке мүшелікке салтанатты жағдайда қабылдадық. Мектептің мұғалімдері де қызығушылық танытты. Бірлестіктің іс-шараларына Тараз қаласындағы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарындағы бірнеше мектептің мұғалімдері мен оқушылары белсене қатысуда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Қ. ҚАРАСАЕВА.