Премьер-Министрдің орынбасары–ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров: Ұлттық инфрақұрылым жоспары 200-ден астам жобаны қамтиды

0 6

Primeminister.kz редакциясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша сұқбаттар топтамасын жалғастырады. Бүгінгі спикер – Премьер-Министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров. 

Нұрлан Серікұлы, қош келдіңіз! Қазіргі уақытта ел экономикасының жағдайын қалай бағалайсыз және жаһандық экономика деңгейінен қарағанда, біз қайда бағыт алып отырмыз?

— Рақмет, қазіргі таңда Қазақстан экономикасы тұрақты түрде дамып келе жатыр деп айта аламын. Егер экономика салаларына қарасақ, барлық салада өсім байқалады. Дегенмен де, кейбір экономика салаларының өсу қарқыны төмен болып отыр. Оның себебі – елімізде болған су тасқыны кезінде бірқатар өңірде сауда, көлік, құрылыс салаларының өсу деңгейі баяулады. Оның себептері белгілі. Өйткені, су тасқынының салдарынан жолдар бұзылды, логистика қызметіне зардабы тиді. Жалпы, соның есебінен сауда-саттық баяулады, жүктерді жеткізу процесі баяулап, кейбір аймақтарда құрылыс саласы да тұрып қалды. Биылғы бес айдың қорытынды есебі бойынша аталған салаларда экономика өсімінің төмендеуі байқалды.

Қазіргі біздің жүргізіп отырған экономикалық саясатымыздың басты мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өсу қарқынын арттыру. Ол үшін Үкімет нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспар бойынша экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында биыл 9,6 трлн теңге инвестиция тартылатын болады. Оның ішінде 7 трлн теңгесі бюджеттік емес көздерден тартылады, ол – жеке инвестициялар, квазимемлекеттік холдингтердің, ұлттық холдингтердің инвестициялары және шетелдік инвестициялар. Сондай-ақ отандық банктер мен қаржы ұйымдарының инвестициялары бар. Бұл қаражат, ең алдымен, инфрақұрылымға бағытталады.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда 4 инфрақұрылымдық бағыт бойынша тапсырма берген болатын. Біріншісі – жолдарды салу және жөндеу. Бұл салаға биыл 1 трлн теңгеден астам қаржы бөліп жатырмыз. Осының есебінен 12 мың шақырым жол жөнделіп, салынатын болады. Екінші бағыт – тұрғын үй құрылысы, оның ішінде жалға берілетін пәтерлер салу, жаңа қолжетімді ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыру. Бұл бағыт бойынша біз биыл 17 мыңнан астам халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап еліміздің өңірлерінде жалға берілетін пәтерлер саламыз. Сонымен қатар 450 млрд теңгеге «Отбасы банк» АҚ-ның «Отау» және «Наурыз» атты қолжетімді ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. Бүгінде 65 мыңға жуық адам аталған бағдарламаға қатысуға өтінім берді. «Отбасы банк» АҚ осы өтінімдерді саралап, ипотекалық несиелерді беруді бастап кетті. Бұл өз кезегінде 12 мыңға жуық отбасына жаңа пәтер алуға мүмкіндік беретін болады.

Үшінші бағыт – елді мекендерді газдандыру. Жоспар бойынша 87 елді мекенде 300 мыңға жуық адамды осы көгілдір отынмен қамтамасыз етеміз. Бұл бағытта Үкімет 195 млрд теңге бөліп жатыр. Төртінші бағыт – бұл еліміздің коммуналдық шаруашылық жүйесін қалпына келтіру. Осы бағыт бойынша біз 55 жылу беретін орталықты жөндеп, қайтадан іске қосамыз. Сонымен қатар 6,5 мың жылу желілерін қайтадан жөндеп, жаңадан салатын боламыз. Бұл бағдарламаға 650 млрд теңгеге жуық инвестиция бөлінеді.

Енді инфрақұрылымға келетін болсақ, биыл жалпы инфрақұрлым жылы деп айтуға болады. Өйткені, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірледі. Бұл 200-ден астам жобаны қамтиды. Жұмыс 2029 жылға дейін созылатын болады. Сол аралықта осы 200-ден астам жобаға 40 трлн теңгеден астам инвестиция жұмсалады.

17 жоба іске асырылып жатыр. Ол – энергетика, көлік, логистика, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобалар. Биылдың өзінде 770 млрд теңгеге жуық инвестициялар осы жобаларға бағытталатын болады.
Елімізде темір жол құрылысы жобалары жалғасып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» жолы басталды, Алматыны айналып өту жобасы қолға алынды. Сонымен қатар биыл жаңадан «Мақтаарал – Дарбаза», «Аягөз – Бақты» темір жолдары салынады. Бұл жобаның іске асырылуы еліміздің көлік-транзит әлеуетін арттыруға бағытталады. Еліміздің осы Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік жоба болып қалыптасуына өзінің септігін тигізетін болады.

– Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші неде деп ойлайсыз? Осы жайында пікіріңізді білсек. 

– Экономика салаларының дамуына қарасақ, жоғарғы даму қарқыны өндеу өнеркәсібінде тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан жоғары даму қарқыны бар. Өңдеу өнеркәсібі біздің экономикамыздың басты драйверлерінің, басты бағыттарының бірі болады. Біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі жобаларды іріктеп, осы саланы іске асыруға кірістік. Бұл жобаларға да өте ауқымды инвестициялар қажет. Металлургия саласы, оның ішінде қара металлургия, түсті металлургия, машина жасау саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өңдеу, мұнай, газ салаларындағы ірі жобалар бар. Аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде біз еліміздегі шикізатты өңдеу өнеркәсібі арқылы табысы жоғары салаларға айналдырамыз деп отырмыз.

Әрине, бұл ірі жобалардың қасында шағын өндіріс дамитын болады. Шағын, орта бизнес дамиды. Мультипликативті әсері өте жоғары. Сонымен қатар біз биыл баса көңіл бөліп отырған саланың бірі – агроөнеркәсіп кешені. Фермерлерді, аграршыларды қолдау үшін, агроөнеркәсіп тауарларын өндірушілерді қолдау үшін біз биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды төрт есеге арттырдық. Сонымен қатар фермерлерге қолжетімді лизинг арқылы техникаларын, ауыл шаруашылығы техникаларын қайтадан алмастырып, жаңарту бағдарламасы іске қосылды. Оның көлемі 100 млрд теңге, қазіргі таңда шаруалар 5%-бен жеңілдетілген несие алып жатыр.

Сондай-ақ тамақ өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан Даму банкінің жаңа бағдарламасы іске қосылуда. Бұл біздің кәсіпкерлерге, инвесторларға осы салада жеңілдетілген, ұзақмерзімді несие алуға мүмкіндік береді. Оған 120 млрд теңге қаражат құйылады. Жалпы, біз осы үш жылда, бұл салаға 1 трлн теңдеген астам инвестиция құятын боламыз.

Қазір елімізге сүт өнімдері, ет өнімдері, қант импортталып жатыр. Үлкен тәуелділік бар. Сондай-ақ жылыжайларда көкөністерді көптеп өсіру жобаларын қаржыландыратын боламыз. Соның есебінен бір жағынан импорттық тәуелділікті азайтамыз, екінші жағынан бұл саланың экспорттық әлеуетін көтеретін боламыз.

– Жақында Президент экономиканы ырықтандыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шара экономикадағы қандай теңгерімсіздікті жоя алады? Сонымен қатар мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі қалай қысқарады? Осы туралы айтып берсеңіз.

– Бұл қазіргі таңдағы ең маңызды құрылымдық реформа деп айтуға болады. Осы Жарлықты іске асырудың басты мақсаты – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Осы арқылы жекешелендіру негізінде экономика салаларына жеке бизнесті, шетелдік инвесторларды тарту, жалпы, инвестиция тарту. 2028 жылдың аяғына дейін ауқымды жекешелендіруді аяқтауымыз керек. Бұл үлкен, күрделі мәселе. Президент Жарлығы аясында жекешелендіру бойынша Ұлттық офис құрылды. Ұлттық офистің басты мақсаты – жыл аяғына дейін экономикадағы мемлекеттің үлесін қайта қарау, талдау жасау. Осы салада жұмыс істеп жатқан мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларға талдау жүргізу. Олардың экономикаға қаншалықты керек екенін, экономикадағы рөлін анықтау. Сол арқылы жекешелендіруге шығарылатын кәсіпорындардың жаңа тізбесін айқындау.

Екінші мәселе – экономиканың бәсеке қабілеттілігін арттыру. Осы мақсатта кросс-субсидия дейміз – экономикада бір саланың есебінен басқа бір сала қаржыландырылады, басқа салаға қолдау көрсетіліп жатады. Мысалға, теміржол саласында тарифтерді көтермей ұстап тұру арқылы біз экономиканың басқа салаларына, өңдеуші салаларға қолдау көрсетіп жатырмыз. Мұндай салалар бізде көп. Сондықтан, осы жұмысты біз кезең-кезеңімен 2029 жылға дейін аяқтауымыз керек. Экономикадағы осы құбылысты мейлінше қысқартып, экономиканың мейлінше нарыққа бейімделуін қамтамасыз ету қажет.

Тағы бір мәселе, 2027 жылға дейін экономикада бағаны анықтау бойынша, нарықтық бағаны анықтау бойынша бар кедергілерді, құқықтық кедергілерді жою мақсатында жұмыс жүргізуіміз керек. Мейлінше экономиканы нарық жағына бұру, бәсекелестікті арттыру, жеке инвестицияларды тарту, экономикадағы жеке сектордың рөлін арттыру. Соның есебінен экономиканың өсуін қамтамасыз ету.

Әрине, бұл жұмыстармен қатар, Жарлықта Үкіметке берілген тапсырма осы нарыққа көшуге, нарықтық қатынастарды кеңейтуге қатысты халықтың әлеуметтік жағдайына келетін зиянды шектеу. Халыққа әлеуметтік көмек көрсету деңгейін көтеру, әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін атаулы көмектің мөлшерін қайта қарап, егер керек болса, оның мөлшерін көбейту мәселесі де тұр. Ол бойынша да жұмыс жүргізілетін болады.

– Қазір Салық қодексі қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл жобаны қайта қарау қажеттігі туралы Президент те айтқан. Осы Тұжырымдама қалай өзгереді? Халықтың, бизнес өкілдерінің және сарапшылардың ойлары, ұсыныстары ескеріле ме? Құлақ асатын пікірлер бар ма?

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Салық кодексін әзірлеу туралы жұмыс былтыр басталған болатын. Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – тепе-теңдік принципінің сақталуы. Яғни, бір жағынан мемлекеттің тиімді қызмет жасауы үшін салық арқылы мемлекет бюджетінің табысын қамтамасыз ету. Жоғары табысты қамтамасыз ету, сондықтан, бұл – бірінші мақсат. Екінші мақсат, экономиканың дамуын ынталандыру, инвестициялар тартуды ынталандыру. Осы мәселе төңірегінде Салық кодексі арқылы біз тепе-теңдік принципін сақтап тұруымыз керек.

Енді бір жағынан Үкіметтің табысы болуы керек, екінші жағынан бизнес жұмыс істеуі керек, инвестициялар түсуі керек. Бұл міндетті іске асыру үшін қазіргі таңда Салық кодексі әзірленді. Бұл жұмысқа тек мемлекеттік органдар ғана қатысқан жоқ. Жалпы, бұл жұмыс ашық түрде жүргізілді деп айта аламын. Барлық бизнес-қауымдастық, қоғам сарапшылары ой-пікілерін ашық түрде айтты, осы жиындарға қатысып, барлық мәселе бойынша диалог жүргізілді. Әрине, барлық ой-пікірлерді ескеру мүмкін емес шығар. Өйткені, бизнестің өзінің мақсаты бар, өзінің мүддесі бар, олар оны қорғайды. Сондай-ақ мемлекеттің мүддесі бар, біз де оны қорғауымыз керек. Салық кодексінде қандай бағыттар бар деген сұраққа келетін болсақ, біріншіден, ол – салықтық әкімшілендіруді жетілдіру. Бұл салада біз сервистік модельдеуді қолданатын боламыз. Салық салушылары мен салық органдары арасындағы қарым-қатынасты ашық түрде жүргізу. Оны әріптестік түрінде, бір-бірімізге көмектесу арқылы, дер кезінде есептілікті бермеген кезде жазалау емес, ынталандыру, оларға көмек көрсету принципі қолданылатын болады.

Екіншіден, саланы цифрландыру мәселесі шешілетін болады. Салық кодексіндегі барлық жеңілдіктерді, осы инвестициялық преференцияларды сақтап қалуды ұсынып отырмыз. Оған қоса, инвестициялар тарту бойынша ынталандырудың жаңа шараларын ұсынып жатырмыз.

Жиі талқыланып жүрген тағы бір маңызды мәселе – бұл салық жеңілдіктері. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салық жеңілдіктерін азайту арқылы түсетін салық көздерін кеңейту, салықтан түсетін табысты көбейту. Бұл мәселе бойынша біз 1,3 трлн теңгеге жуық салықтық жеңілдіктерді қысқартуды ұсынып отырмыз. Тағы да бір маңызды мәселе – салық алымдарын азайту. Бұл бойынша да бірқатар ұсыныстарымыз бар.

Мысалы, табиғи ресурстарды пайдалану. Бізде бірнеше салық алымының, салық түсімдерінің түрі бар, соның бәрін оңтайландырып, біріктіріп, бір салық алымын жасау мәселесін ұсындық. Ол да бір жағынан салық салушыларға ыңғайлы, бизнеске төлеу үшін ыңғайлы және оның көлемі де азаяды.

Салық салу, салық ставкасы бойынша біз жоғары табыс алып келетін бірқатар қаржылық операциялар бойынша корпоративтік табыс салығы деңгейін көтеруді ұсынып отырмыз. Бұл жерде ойын бизнесі бар. Әртүрлі букмекерлік ұйымдардың табыстарына салық көлемін арттыру. Екінші жағынан, егер қаржы ұйымдары экономиканың нақты салаларына қаржы жұмсайтын болса, бұл жерде салық мөлшерлемесі көбеймейді, сол күйінде қалады. Ал, егер жоғары қайта бөлу деңгейін ынталандыру үшін өңдеу өнеркәсібінде өңдеудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге жұмсалатын инвестицияларға салынатын табыс салығының деңгейін біз керісінше 10%-ға дейін түсіруді, азайтуды жоспарлап отырмыз.

Жаңа Салық кодексінің бағыттарының бірі – кіші және орта бизнеске байланысты арнайы салық режимін оңтайландыру. Бұл ретте біз аталған режимдерді оңтайландырып, үш режимге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз.

Тағы бір ұсынып отырған мәселе – зейнетақы аударымдары бойынша жеке табыс салығын алып тастау. Жеке табыс салығының көлемі 10%. Сол 10%-ды біз алып тастаудың есебінен зейнеткердің алатын зейнетақысының мөлшері осы 10%-ға көтерілетін болады.

– Сұқбаттың басында сіз су тасқыны туралы айттыңыз. Бұл ел үшін өте күрделі жағдай болды. Күрделі кезең. Экономикаға да кері әсерін тигізді. Аталған секторларды қалпына келтіру үшін қанша уақыт керек? 

– Су тасқыны сауда, көлік, құрылыс салаларына кері әсерін тигізді. Инфрақұрылымға көп шығын келді. Қазір енді бұл салада Үкімет, бірінші кезекте, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Сол жердегі инфрақұрылымды қалпына келтіру, жаңа үйлер салу, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Апта сайын Үкімет бұл туралы мәліметті жаңартып отыр. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары басталып жатыр. Бұл салаға қаржы бөлінді. Жаңа айтып өткенімдей, құрылыс саласына да қаржы бөлініп жатыр. Құрылыс жанданып жатыр.

Биыл жалпы 18 млн шаршы метрге құрылыс нысандарын салу көзделген. Оның ішінде, тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Сауда саласы да жанданып жатыр. Бұл салалада да өсім күтіледі. Осы жылдың қорытындысы бойынша бұл салаларда өсім болатынына сенеміз.

 – Нұрлан Серікұлы, сұқбатыңызға рақмет. Істеріңізге сәттілік, амандықта жүздескенше!