Жамбыл облысында полиция қызметкерлері кезекті рет өздерінің халыққа жақын, кез келген сәтте көмек көрсетуге дайын екенін дәлелдеді. Тараз қаласында орын алған оқиға соның айқын мысалы.
Қалалық қоғамдық көлікте жүрген екі мектеп оқушысының бірі абайсызда ұялы телефонын автобус ішінде ұмытып, қалдырған. Не істерін білмей, абдырап қалған балалар көшеде қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне жүгініп, көмек сұрайды. Жағдайды мұқият тыңдаған тәртіп сақшылары уақыт оздырмай, Жедел басқару орталығымен байланысқа шығып, қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы автобустың нақты бағыты мен орналасқан жерін анықтайды. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде автобус дер кезінде тоқтатылып, жоғалған ұялы телефон табылды.
Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаған полиция қызметкерлері балалардың жақын туысы – әжесін шақырып, ұялы телефонды заңды иесіне ресми түрде табыстады. Бұл өз кезегінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды. Балалар мен олардың әжесі полиция қызметкерлеріне көрсеткен жедел көмегі, адамгершілігі мен қамқорлығы үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Аталған оқиға – полиция қызметкерлерінің басты міндеті тек қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Қиын сәтте қол ұшын соза білген тәртіп сақшылары қоғам сенімін ақтап келеді.