Полицияның міндеті – халықтың қорғаны болу

0 3

Ел халқының полицияға деген сенімі жылдан жылға артып келеді. Оны өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижесіне қарап аңғару қиын емес. Атап айтсақ, полиция тарапынан облыста құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 18,9 пайызға, ал көшелерде тіркелген қылмыстар 13,4 пайызға азайған. Ал, облыстық полиция департаменттінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, аса ауыр қылмыстар 48,3 пайызға төмендеген. Бұл ең қауіпті қылмыстық көріністердің тұрақтанғанының көрсеткіші. Ал, кісі өлтіру қылмыстарының ашылуы 100 пайызды құраған.

Бұл мәліметтер полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың аудандарға жасаған жұмыс сапары барысында да айтылды. Жалпы жыл басталғалы бері департамент бастығы Жамбыл мен Жуалы аудандарында болды. Жамбыл ауданында Қайсар Сұлтанбаевтың қатысуымен Ю. Гагарин атындағы гимназиясында «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті. Сақшы сыныптарын ашу ішкі істер органдарының өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Жоба оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға деген құрметті арттыруға, тәртіп пен қоғам алдындағы жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

Ал полиция департаменті бастығының өңір тұрғындарымен өткен кездесуінде аудандық полиция бөлімінің өткен кезеңдегі жұмысының қорытындылары айтылып, әңгіме ашық форматта жалғасты. Департамент бастығы өз сөзінде облыста ұрлық қылмыстары 30,7 пайызға қысқарғанын айтты. Жедел жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 18 қылмыстық топ құрықталған. 74 мал ұрысы ұсталып, қамауға алынған. Заңсыз айналымнан 9 тонна 242 килограмм есірткі заттары тәркіленген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,25 тоннаға артық. Синтетикалық есірткілерді тәркілеу көлемі 2,5 есеге өскен. «Қазіргі таңда интернет-алаяқтықпен күрес әлі де өзекті мәселе болып қалуда. Бұл бағытта ірі алаяқтық схемалардың жолы кесіліп, 1982 банктік шот бұғатталды, 65 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды» дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Ал, кәмелетке толмағандарды қорғау басым бағыттардың бірі болып отыр. Жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар саны 15,8 пайызға төмендеген. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де ерекше атап өтілді. Мал иелерінің тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты жануарлардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 30 пайызға артқан. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс күшейтілгені де айтылды. «Нақты аналитикалық деректердің болуы басқарушылық шешімдерді нысаналы қабылдауға берік негіз қалыптастырып, басымдықтарды уақтылы түзетуге және бөлімдер жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті департамент бастығы.

Аудан тұрғындар диалогқа белсенді қатысып, сұрақтар қойды, ұсыныстарын білдіріп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Кездесу барысында «Арақсыз ауыл» акциясына қатысушылар марапатталды. Акцияның мақсаты – саламатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру болып табылады.

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев азаматтарды жеке қабылдап, аудан тұрғындары өз ұсыныстары мен проблемалық мәселелерін жеткізді. Барлық өтініштер бақылауға алынып, оларды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды. Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен өткен жедел кеңесте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында басым міндеттер айқындалып, қызметтік тәртіп пен жедел-қызметтің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Ал, бүгінде батырлар өлкесі, генералдар өңірі атанып кеткен Жуалы ауданында кездесулер алдыңғы ауданға қарағанда өзгеше ұйымдастырылды. Жалпы Жуалы өңірінен шыққан генералдар саны 14-ке жеткен. Соның бірі – департамент бастығы Қайсар Сұлтанбаев. Оған деген жуалықтардың да құрметі ерекше болды.

Алдымен генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ол батырдың ерлігі мен өнегелі өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі екенін атап өтті. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде жергілікті театр әртістерінің «Халық батыры» қойылымын тамашалады. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте «Жас сақшы» сыныбының салтанатты түрде ашылуына қатысып, оқушылар ант қабылдап, сақшы куәліктері табысталды. Бұл бастама жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбие қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, полиция генерал-майоры аудан тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқыға салды. Тұрғындар еркін түрде өз ұсыныстарын жеткізіп, ашық пікір алмасу орын алды. Кездесу кезінде ардагер ұстаз Дәулетжан Байдалиев Қайсар Сұлтанбаевқа өзінің «Жуалы генералдары» атты кітабын сыйға тартты. Еңбекте ауданнан шыққан 14 генералдың өмір жолы баяндалған.

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев Жуалы ауданындағы сапарында қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның мұражай үйіне арнайы ат басын бұрып, рухына тағзым етті. Қайсар Сұлтанбаев жазушының бай кітапханасын аралап, сөрелерге тізілген рухани қазынамен танысты. Әр кітап, әр қолжазба – ұлт тарихы мен тағдырына терең бойлаған Шерхан Мұртазаның ой әлемінен сыр шертетіндей әсер қалдырды. Мұражай үйіндегі жәдігерлер де қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасын айқын танытып, ерекше толғаныс сыйлады. Генерал-майор тілек кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырып, ел руханиятына, сөз өнеріне деген құрметін білдірді. Ол ұлт жазушысының көзі тірісінде өзіне арқардың мүйізін сыйға тартып, «мүйізің қарағайдай көшбасшы бол» деп ақ батасын бергенін есіне алды. Сондай-ақ Шерхан Мұртазаның мұрасы келер ұрпаққа мәңгілік бағдар болып қала беретінін атап өтті. Сөйтіп генералдың туған жерге жасаған бұл сапары – рухани сабақтастықтың, әдебиет пен елдік мүдденің бір арнада тоғысқанын айғақтайтын тағылымды сәт ретінде есте қалды.

Іссапар барысында Қ.Сұлтанбаев жеке құрамның жедел-қызметтік жұмысы бойынша есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Полиция қызметкерлерін халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге, «Заң мен тәртіп» қағидаты талаптарын сақтауға, қызметке адал болуға шақырды.