Пластиктен бас тарт!

0 1

Қоршаған ортаны пластик қалдығы басып барады. Осыдан 150 жыл бұрын ғалымдарымыз тұрмысқа қажетті жеңіл, мықты, әрі арзан пластик құты ойлап тауыпты. Қазір бұл затты тұтынбайтын адам, мемлекет жоқ. Бірақ сонымен бірге айналамызды тұтынудан кейін босаған түрлі мөлшердегі пластик бөтелке қалдығы басып барады. Қоқыс алаңдары мен өзен-көлдер де осы затқа толып кетті. Осыған орай «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге жастар қатысып, тазалық жұмысына өз үлестерін қосуда.

Мәселен, жуырда Бұқар жырау ауданындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров және Юрий Гагарин атындағы мектептерде аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Пластиксіз өмір сүру» экологиялық акциясы өтті. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акцияға мектеп оқушыларымен қатар аудан жастары белсенділік танытты.

Жастар ресурстық орталығының мамандары аталған мектеп жастарымен келелі кездесу өткізіп, акцияның мән-мазмұнына тоқталды. Кездесу барысында оқушыларға пластик қалдықтарының табиғат пен адам денсаулығына тигізетін зияны, күнделікті өмірде пластикті тұтынуды азайту жолдары, қолжетімді экологиялық баламалар және қайта өңдеу ережелері туралы айтылды. Интерактивті тапсырмалар ерекше қызығушылық тудырды: онда оқушылар мектепте және үйде пластикті пайдалануды азайтуға қатысты өз идеяларын ұсынды. Сонымен қатар дүкендерде және тұрғындар арасында шоперлер таратты.

– «Бүгін пластиктен бас тарт – ертең өзіңе алғыс айт!» деген акция ұйымдастырушыларының үндеуін оқушылар мен олардың ата-аналары қолдады. Акцияның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапты көзқарасын қалыптастыру, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамыту және оқушыларды практикалық экологиялық бастамаларға тарту. Мұндай кездесулер әр адамның туған өлкенің табиғатын сақтаудағы жеке жауапкершілігін терең түсінуге ықпал етеді, – дейді Жастар ресурстық орталығының мамандары.