Петропавл маңында «Бірлік» шағын ауданы бой көтеруде

0 8

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Солтүстік Қазақстан облысында болып, су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.

Сапар барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан және жөнделген үйлердің сапасын көріп, Петропавлдағы шағын аудандардын тұрғындармен кездесті. Жергілікті тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесу барысында вице-премьер әкімдікке бірқатар нақты тапсырма беріп, зардап шеккен бизнеске айдың соңына дейін өтемақы төлеу және үй мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, Қызылжар ауданында 1099 үй жөнделуде, 53 тұрғын үй сатып алынды. Петропавлда екінші деңгейлі нарықта 302 пәтер сатып алынды, 549 отбасына тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы төленді. Сондай-ақ Петропавл маңында ауқымды құрылыс жүргізіліп, бірнеше айдың ішінде жаңа шағын аудан бой көтерді. Оған «Бірлік» атауы берілді. 100 гектар құрылыс алаңында 1,5 мың адам жұмыс істейді. Шағын ауданда барлығы 700 типтік үй болмақ. Оның 600-і «Kaspi», «Kazakhmys» және «Kaz Minerals Management» компанияларының қаражатына салынып жатыр. Берілетін үйлер дайын күйде жергілікті «ЗИКСТО» зауытының демеушілігімен  қажетті  жиһаздар мен техникамен қамтамасыз етілмек.

«Бірлік» шағын ауданындағы 100 үй пайдалануға беріліп те қойды. Вице-премьер олардың сапасын тексерді. Екі апта бұрын 53 отбасы қоныстанды. Бүгін шағын ауданда тағы да қоныс тойы атап өтілді. Тағы 47 отбасы жақында шағын ауданның жаңа тұрғындары болмақ.  Қанат Бозымбаев жаңа үй иелерін  құттықтады. Ол бұл 100 үй «Қазақстан халқына» қорына өз қаражатын аударған қазақстандықтардың есебінен салынғанын атап өтті.

«Бірлік» шағын ауданынан пәтер алуға тағы 500-ге жуық отбасы өтінім берді. Жаңа шағын аудандағы тұрғындардың саны шамамен 3 мың адам болмақ. Бұл ауданда үйлермен бірге қажетті әлеуметтік нысандар, балабақша және мектеп салынып жатыр.