Премьер-Министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көмір генерациясын дамыту және өсіп келе жатқан экономикалық әрі әлеуметтік сұранысты жаңа қуат көздерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.
Сапар аясында тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысы, энергетика және көмір өндіру саласына цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ өндірістік тиімділікті арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Премьер-Министр өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының даму қарқынын бағалады. Бүгінде Павлодар облысы – еліміздің электр энергиясын өндірудегі негізгі тірек аймақ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнда республикадағы электр энергиясының 42 пайызы өндірілген.
Олжас Бектенов Екібастұз қаласындағы ірі стратегиялық нысандар – Болат Нұржанов атындағы МАЭС-1, МАЭС-2 стансалары мен «Богатырь Көмір» ЖШС кенішінде болып, энергия кешенінің қазіргі жағдайы мен даму әлеуетін зерделеді.
МАЭС-1 стансасында жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Атап айтқанда, отынмен қамтамасыз ету жүйесін қайта құру, жаңа түтін мұржасын салу және ескі құрылымдарды кезең-кезеңімен бөлшектеу жобалары іске асуда. Бұл шаралар өңірдің энергиямен қамтылу сенімділігін арттыруға бағытталған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2025 жылы ел бойынша шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Оның 2 427,6 МВт-ы газ жобаларына, ал 245,8 МВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Жалпы саны 13 жоба жүзеге асырылады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысы туралы баяндады. Өңірдегі энергия көздерінде 46 негізгі жабдық жөндеуден өткен. Сонымен қатар 37,1 шақырым жылу желісі жаңғыртылып, жүйелердің тозу деңгейі 1,5 пайызға төмендеген.
Екібастұз МАЭС-2 стансасында Үкімет басшысы кеңейту және реконструкциялау жобасының барысымен танысты. Қазіргі таңда станса қуаты 1 ГВт болса, №3 және №4 энергоблоктарды іске қосу арқылы бұл көрсеткішті 2,1 ГВт-қа дейін арттыру көзделіп отыр.
Сапар барысында Олжас Бектенов «Богатырь Көмір» ЖШС карьерінде болып, ашық тәсілмен көмір өндіру үдерісін көрді. Аумағы 43 шаршы шақырымды, тереңдігі 300 метрді құрайтын бұл кен орны – әлемдегі ең ірі көмір разрездерінің бірі. Қазіргі уақытта кәсіпорында өндірісті автоматтандыру кезеңі аяқталып, алдағы уақытта жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланған.
Бүгінде «Богатырь Көмір» еліміздегі көмір өндірісінің 38 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қор көлемі 2,3 миллиард тоннадан асады. Компания басшылығы алдағы жылдары өндіріс көлемін 56,5 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Президенттің көмір генерациясын стратегиялық ресурс ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, экологиялық талаптарды сақтай отырып, «таза көмір» технологиясы негізінде шамамен 7,6 ГВт жаңа қуат көзін енгізу көзделген.
Сонымен қатар Премьер-Министр Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасының іске асу барысын тексерді. Жоба Екібастұз энергия торабы базасында жоғары технологиялық инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.
Бастапқы кезеңде 200 гектар аумақты қамтитын, болашақта 1300 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі бар бұл аймақта есептеу инфрақұрылымы, бұлтты сервистер мен жасанды интеллектке негізделген платформалар шоғырланбақ. Жоба аясында 500-ге жуық жоғары білікті жұмыс орны ашылады.
Үкімет басшысы жобаның елдің цифрлық экономикасын дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтіп, жауапты министрліктер мен өңір әкімдігіне инфрақұрылымдық дайындықты жеделдетуді тапсырды.
Сапар қорытындысында Олжас Бектенов МАЭС-1 жаңғырту жұмыстарын уақытында аяқтауды, МАЭС-2-де жаңа энергоблоктарды белгіленген мерзімде іске қосуды және «Богатырь Көмір» кәсіпорнының инвестициялық жобаларын толық қолдауды тапсырды.