Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – экономиканы әртараптандыру және қайта өңдеуді дамыту. Негізгі мақсат – тек шикізат экспортына бағдарланудан аулақ болып, қосымша құнды, тұрақты жұмыс орындарын, тұрақты экспорттық әлеуетті қамтамасыз ететін жаңа өндірістерді құру. Бұл бағытта Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар баршылық. Ол жобалардың барысымен танысу үшін облыс әкімі Асайын Байханов өңірдегі бірқатар инвестициялық нысандарды аралап, жұмысымен арнайы танысты.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында негізгі басымдықты инвестициялық жобаларға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға аударды. Сондай-ақ сапар аясында Павлодар қаласында жаңа бой көтеріп жатқан қонақүйдің құрылысымен, автокөліктерге арналған қондырмалар өндіру және жабдықтаумен айналысатын компания жұмысының барысымен жақынырақ танысты. Инвестициялық бастамалардың жүзеге асу мерзімі, құрылыс сапасы, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері назарға алынды.
Облыс әкімі қала орталығындағы салынып жатқан, жалпы құны 7,8 миллиард теңгені құрайтын «Novotel» қонақ үйінің құрылыс жұмысының кестеден неге кешігіп жатқанын сұрады. Ол сұраққа жоба инвесторы «Orient Group kz» компаниясының өкілі, «Novotel» құрылыс жобасының үйлестірушісі Инна Равчеева жауап берді. Оның айтуынша, жаңа қонақ үй құрылысы халықаралық нормалардың сәйкестендіру бағытындағы жұмыстардың қатар атқарылуынан кестеден қалып келеді екен.
– Нысанның құрылыс жұмысы қонақ үй операторларының басқаруына берілу үшін жүзеге асуда. Мұнда өрт және санитарлық қауіпсіздік, экологиялық және энергия үнемдеу сынды жоғары талаптар қойылған. Халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары арасында айырмашылық байқалатын болса, қатаң талаптар қолданылады. Ғимарат құрылысы төрт жұлдызды қонақ үй негізінде салынбақ. Мұнда 120 әртүрлі форматтағы бөлме, «Accor Group» желісінің жоғары стандарттарына сай келетін мәжіліс залы, мейрамхана, SPA және фитнес залдары кіреді. Құрылыс жұмыстарынан соң ғимарат мемлекеттік пайдалануға қабылдау актілерінен бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін нысан екені мақұлдануы керек. Қазіргі таңда халықаралық нормалардың сәйкестендіру салдарынан құрылыс жұмыстары кешеуілдеуде. Бұл жоғары стандартты құрылысты орындау үшін салу қалыпты жағдай болып табылады, – деді ол.
Бүгінгі күні құрылыс алаңында 18 құрылысшы жұмыс істеуде. Алдағы уақытта құрылысшы саны 50-ге дейін жетпек. Жалпы нысан құрылысына 150 құрылысшыны жұмылдыру көзделген. Қазіргі таңда жаңа нысанда нөлдік қабатты тұрғызу жұмыстары аяқталып, ғимарат қаңқасының құрылысы басталып кеткен. Компания өкілінің айтуынша, нысанның қаңқа құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында аяқталмақ. Француздық «Novotel» брендіне тиесілі 10 қабатты қонақ үйдің ашылуы 2027 жылға жоспарланған.
– Өңірде мұндай жоғары деңгейдегі нысан алғаш рет салынуда және ол Павлодар өңірінің туристік тартымдылығын едәуір арттыратын болады. Жобаның сәтті жүзеге асуын күтеміз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Іссапар аясында облыс әкімі А.Байханов қаланың өнеркәсіп аймағында орналасқан Пикап базасындағы автокөліктерге арналған қондырмалар өндіру және жабдықтаумен айналысатын «DQB Group» компаниясының қызметімен танысты. Компаниялар тобының бас директоры Ержан Әуезовтің айтуынша, кәсіпорынның даму стратегиясы аясында 2022 жылы Павлодар қаласынан өндірістік база сатып алынған. 2023-2024 жылдары жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Аталған өнеркәсіп ошағында командалық-штабтық көліктер, жедел әрекет ету автокөліктері, жедел-қызметтік және өзге де техникалар шығарылады.
Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі – 1,1 миллиард теңгеге Пикап базасында арнайы автокөліктер өндірісі (жылына 100 бірлік), багги шығару (жылына 50 бірлік) іске қосылған. 2026 жылдың екінші тоқсанында оптикалық-электрондық өнімдер (жылына 1000 бірлік), сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын (жылына 800 бірлікке дейін) шығару өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар бойынша тартылған инвестиция көлемі 2 миллиард теңгеден асады.
Облыс әкімі Асайын Байханов компания өкілдерімен кездесуінде көлік жасау кластерін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, еліміз бойынша қазақстандық өніммен қамту үлесін арттыру, өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, өндіріс орнына арнайы шақыртылған білім саласы мамандарына студенттерді дуалды негізде оқыту шеңберінде осындай кәсіпорындармен, шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуын тапсырды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс басшысы салалық басқармаларға инвестициялық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуді және өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.