Өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа жоспарлар

0 3

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен кездесуде елордалықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған негізгі мәселелер қаралды.

Кездесу барысында депутаттар қала тұрғындарын алаңдататын маңызды салаларға назар аударды. Соның ішінде – мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары, жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі, әсіресе білім беру мекемелерінің маңындағы көшелердің жағдайы басты тақырыптардың бірі болды.

Қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін коммуналдық қызметтің жұмысы да назардан тыс қалмады. Жиында жаңа инженерлік желілердің құрылысын жүргізу, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстары да күн тәртібіне қойылды.

Жеңіс Қасымбек өз сөзінде қала бюджеті ең алдымен тұрғындардың нақты сұраныстары мен әлеуметтік қажеттіліктеріне сай құрылатынын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы кезектен тыс мәслихат сессиясында бюджетті қайта қарап, қаржының басым бөлігін қала үшін аса маңызды бағыттарға бөлу көзделіп отыр.

Бұл кездесу жергілікті билік пен халық қалаулыларының бірлесіп жұмыс істеуіне, сондай-ақ тұрғындардың қажеттіліктеріне құлақ аса отырып, тиімді шешім қабылдауға бағытталған маңызды қадам болды.