Өз құқығын білген ұрпақ – қауіпсіз болашақтың негізі

0 2

Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» айлығы мектеп оқушыларына арналған тағылымды ашық диалог алаңымен басталды. «Өз құқығыңды біл – өзіңді қорға!» тақырыбында өткен бұл іс-шара Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында ұйымдастырылып, жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды.

Ашық диалог Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі тарапынан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізілді. Негізгі мақсат – балалардың құқықтары мен міндеттері жөніндегі білімін кеңейту, қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ мектеп, ата-ана, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайту.

Іс-шараға облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты мекемелердің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім саласының басшылары, әкелер кеңесінің төрағалары, бала құқықтары жөніндегі мектеп өкілдері мен педагогтер қатысты. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылып, шара мазмұнын аша түсті.

Ашық диалог «Адал азамат – жарқын болашақ!» атты сахналық қойылыммен басталып, еркін пікір алмасуға ұласты. Шара барысында сөз алған Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде жүзеге асып жатқан тәрбиелік жұмыстардың маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бүгінде оқу-тәрбие үдерісіне жүйелі түрде енгізілуде. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, отансүйгіштік пен адалдыққа тәрбиелеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі ашық диалог оқушылардың өз ойларын ашық айтуына, көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап алуына мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді ол.

Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев та жиында сөз сөйлеп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түрлі ортада түсіндіру кездесулері өткізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат – қоғамда заңға құрмет пен адалдық мәдениетін қалыптастыру.

Сондай-ақ ашық алаңда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев, Amanat партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Исламбек Дастан, білім саласының өкілдері мен жаттықтырушылар ой бөлісті.

Пікірлесу барысында балалардың құқықтарын қорғау, буллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы сынды өзекті мәселелер көтерілді. №45 гимназия оқушылары «Буллингке қарсы Қалқан» жобасын таныстырса, №49 мектеп-гимназиясының педагогтері «Менің құқығым бар! Міндеттерім де бар!» тақырыбында танымдық тренинг өткізді.

Іс-шара соңында №16 орта мектептің оқушылары балалар атынан арнайы үндеу жариялады. Онда заңға құрметпен қарау, тәртіпке жауапкершілік таныту және қауіпсіз болашақ үшін әрбір оқушының белсенді азаматтық ұстанымда болуы қажеттігі айтылды.

Жиынға қатысушылар бұл үндеуді қолдап, «Біз қауіпсіз болашақты таңдаймыз!» деген ортақ ұранмен бірліктерін білдірді. Қорытынды бөлімде флешмоб ұйымдастырылып, балалар үшін қауіпсіз, әділ әрі қорғалған орта қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екені тағы бір мәрте айқындалды.