Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзі қазақтың әр азаматына ой салып, биік армандарға жетелейді. Адамның қанында ұлтқа жанашырлық, ұлтқа деген перзенттік махаббаты қайнап жатса, ұлтқа қызмет етпей қоймайтыны анық. Осы мақсаттың жүзеге асуы үшін Президентіміздің тапсырмасы бойынша қолға алынып, елімізде жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының орны ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары негізінде тәрбие бағытында жаңа серпін пайда болды. Өскелең ұрпақтың тәрбиесін күшейтуге қоғам болып атсалысуға бетбұрыс жасалынды. Мемлекет мүддесі мен қоғам мүддесі астасып, оңтайлы өзгерістер енгізілуде. Білім беру шеңберінде білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалдық интеллектін дамыту Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Ар-ұждан», Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіп Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық мұралары, Ақселеу Сейдімбетовтың қазақ халқының салт-дәстүрлерін қастерлеу және өз еліне қызмет ету жөніндегі идеяларына негізделіп жүргізілуде.
Біз өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, салт-дәстүрлерді қастерлеу, өзін-өзі дамытуға және өз еліне қызмет етуге ұмтылу сияқты қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығын көріп отырмыз. Осыған байланысты Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың және бүгінгі күнге дейін идеялары өзекті болып отырған басқа да қазақстандық ұлы ойшылдардың мұрасы ерекше маңызға ие. Бұл құндылықтар білім беру жүйесіне еніп, мектептің климаты мен мәдениетінде, білім беру ұйымдарының барлық қызметкерлерінің мінез-құлқы мен көзқарасында көрініс табуда.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі мақсаты – қоғамдастықтың адал және жауапты азаматтарын тәрбиелеу. Бағдарлама 6 жоба мен 33/34 сынып сағатынан, 5 алдын алу шараларынан және 77 қадамнан тұрады. Әрбір элемент бала тәрбиесінде қарым-қатынас, адалдық, патриотизм, азаматтық жауапкершілік, ар-намыс, еңбекқорлық, адамгершілік қасиеттерді дамытады.
Оқу-тәрбие жұмысы «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық» құндылықтарын негізге ала отырып, бағдарламаның ережелеріне сәйкес, ұйымдастырылып, әр ай тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қамтыды. Білім алушылар жыл бойы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, әртүрлі мамандыққа деген қызығушылығын арттыру және еңбекқорлық идеясы, шығармашылық әлеуетін ашу, тілдік дағдыларды дамыту және тақырыптық талқылау, кітап оқуға және білім алуға қызығушылықты қалыптастыру арқылы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Smart bala», «Балалар кітапханасы» жобаларын іске асыруға белсенді қатысуда.
Қазіргі таңда білім саласындағы «Адал азамат» біртұтас тәрбие ұстанымы елімізде өзекті тақырыпқа айналуда. Қазақтың тереңнен бастау алатын ұлттық тәрбиесі мен болмысы мектептерде көрініс тапқанда, ол әр жүректі жылытып, қоғамға жаңа серпін береді. Атап айтқанда, бастау алған «Бұрымды қыз» жобасы – бұл қазақтың ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа ұсынудың жақсы үлгісі. Ата-бабаларымыздың дәстүрлі ұлттық киімдерін киген оқушылар, тәрбиенің ішкі мәнін тереңірек түсініп, қазақы нақыштағы тәрбиенің маңыздылығын сезінеді. Сол сияқты, балалардың мейірімділік пен қамқорлыққа деген көзқарасы қалыптасып, олар ата-ана қамқорлығынсыз қалған адамдарға азық-түлік апарып, үлкендерге көмек көрсетеді. Бұл істері арқылы балалар адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.
«Өнегелі 15 минут» жобасы да бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізуде. Бұл бастама аясында ата-аналар балаларына күнделікті үй шаруаларында көмек көрсету дағдысын үйретеді. Осындай шаралар қоғамда тәрбие мәселесін көтеріп, ұрпақтың бойында мейірімділік, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады. Бүгінгі білім жүйесінде осы үштағанды тәрбие ұстанымдары мен жаңа бағдарлама идеялары жүзеге асырылып жатыр.