Мемлекетіміздің кез келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Осыған орай Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №10 орта мектеп базасында «Жастарға кеңес» жобасы аясында оқушылармен кездесу өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталығы республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының басшысы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшесі Әсел Мұстафина мен қалалық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ержан Аманжолов оқушыларға құқықтық сауатты арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелері туралы айтты.
– Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды жоба. Осы «Жастарға кеңес» жобасы аясында, сонымен қатар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде өткізіліп жатқан іс-шаралардың негізгі мақсаты – қоғамда заң үстемдігін қалыптастыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауат деңгейін арттыру, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, заңға бағынатын, жауапты ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу. Осы бағытта арнайы мамандармен бірлесе отырып, қаладағы білім беру ұйымдарында, жоғары және арнаулы, орта оқу орындарында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп келеміз, – деді Ержан Аманжолов өз сөзінде.
Ал Әсел Мұстафина қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында қоғам арасында, мемлекеттік мекемелерде, жеке ұйымдарда, соның ішінде білім беру ұйымдарында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
– Оқушыларға айтарымыз – ең бастысы сапалы білім алу. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, заңды білу және өз құқықтарын қорғау маңызды. Егер қандай да бір заңсыз әрекетке тап болсаңыздар, міндетті түрде ел бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 колл-орталығына хабарласуға болады. Азаматтардың құқығы қорғалады және хабарламалар анонимді түрде қабылданады, – деді ол.
Әсел Мұстафинаның айтуынша, алдыңғы жылы орталыққа 150 өтініш түскен болса, демек, бұл көрсеткіш едәуір азайған. Бұл – халықпен тұрақты кездесулер мен жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарының оң нәтижесі. Дегенмен, өткен жылы кейбір мектептерден, колледждер мен университеттерден өтініштер түскен екен. Кей жағдайларда мұғалімдердің баға қою кезінде түрлі талап қоюы, желілік маркетинг бойынша сататын өз тауарларын ұсынуы немесе кітап сатып алуға мәжбүрлеу сияқты әрекеттеріне байланысты шағымдар тіркеліпті.
Жиын барысында оқушылар мен студенттерге құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы кеңестер беріліп, олардың қойған сұрақтарына жауап берілді.